Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл. Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларды еске алып, ерліктерін жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектепте «Мәңгілік тағзым ұстазға» атты тағылымды шара өтті.
Қан майданда қаруын асынып, оқу саласында да өшпес із қалдырған жерлестеріміздің ғибратты жолынзерттеу жұмыстарымен мектеп оқушылары жете айналысқан. 11 сынып оқушысы Рахат Есенбайдың «Елім деп соққан жүрегі» ғылыми жобасы Ұлы Отан соғысы ардагері, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» Ізмаған Малдыбаевтың өмір өнегесіне арналды. 56-әскер құрамында жүріп, ел қорғауда жанын аямаған ер бір жанарынан айырылса да жігері жасымаған.1945-54жж Телячье балалар үйінде тәрбие ісінің меңгерушісі қызметін атқарып, 1954 жылы Гагарин атындағы оқу ордасына келіп, жеткіншектерді білімге, өнерге баулу ісіне білек сыбана кіріскен. 5 сынып оқушысы Фатима Ерболатқызы «Ардагерге құрмет - ұрпаққа міндет» тақырыбында дайындаған ғылыми жұмысында Ержан Рахметқалиевтің елеулі істерінтілге тиек етті. Өз еркімен соғысқа қатысуды сұранып, атқыштар дивизиясында талай рет жарақаттанса да, сағы сынбаған қайраткер«І дәрежелі Ұлы Отан соғысы»орденімен марапатталған. Ауыр кезеңді артқа тастаған соң, физика-математика пәнінен жасөспірімдерге дәріс беріп, мектеп директоры лауазымына дейін көтеріледі. 11 сынып оқушысы Диана Халелованың «Ата естелігі – ұрпаққа үлгі» ғылыми жобасына атасы Халел Сариевтің ғұмыры арқау болған. Қызыл Армия қатарында автоматшы-танкист ретінде жауға қарсы күрескен батыр туған жеріне үшінші топтағы мүгедек боп оралады. «І дәрежеліҰлыОтансоғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, тағы да көптеген медаль-наградаларды өңіріне таққан. Майданнан кейін қоғамдық істерден де қалыс қалмайды. 1961 жылы Гагарин орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы қызметіне орналасып, оқушылардың сауатын арттыруға үлкен үлес қосады.
7 сынып оқушысы Айбын Ұзақбай ғылыми жобасында ашаршылық жылдарынан бастап Ұлы Отан соғысы кезеңінде панасыз қалғандарды қамқорлығына алған «Телячье балалар үйінің» тарихына тоқталды. Төрт жатақханадан құралып, 1932-1954 жж жұмыс жасаған балалар үйіне Ресей, Украина, Беларуссия, Казказ елінен өзге ұлт өкілдері жеткізілген. Қызыл Армия қатарында ірі шайқастардың бел ортасынан табылған соғыс ардагері Боранғали Кулов басшылық жасаған қайырымдылық ордасында бүгінде атағы шыққан небір ғалым-ұстаздар, абыройлы азаматтар тәрбиеленген.
Кеш қонағы ақын, «Құрмет» орденінің иегері Таңатар Дәрелов: «-Даңқы алысқа кеткен жауынгер тұлғаларды дәріптеу – қашан да құнын жоғалтпайтын қарекет. Фотосуреттер, әртүрлі құжаттармен таныстырып, тың деректерді шолған оқушылардың зор ізденісіне ерекше сүйсініп отырмын. Алға қарай жеткіншектердің ғылымға аяқ алыстары дамып, бұл бәсі биік шара ауыл, аудан көлемінде өткізілсе деген тілегім бар. Сонымен қатар, сан саланың жілігін шағып, майын ішкен қоғам белсенділерін түлеткен Телячье балалар үйінің тарихы жайлы кітап жарыққа шықса, нұр үстіне нұр болар еді» деп сөзін жалғады. Медицина саласының ардагері Сағидолла Кулов әкесі «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері Боранғалидыңжауынгерлік болмысы мен азаматтық келбеті жайлы тебірене толғады. Нәсіп Сариева Халел әкесінің адамгершілікке баулу қағидасымен ұстаздық жолын таңдағанын және де кәсіби деңгейін жетілдіруге өзге де ардагер-ұстаздардың септігі тигенін жеткізді. Білім беруде шәкірттерінің шынайы алғысына бөленген Сайфол Жұманов батыр-ұстаздармен қызметтес, сыйлас болғанын сағынышпен еске алды. Ұрпағы Шынар, шәкірті мектеп бухгалтері Нұргүл Ержан Рахметқалиев туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
Қорытынды сөз алған мектеп директоры Жамал Хасанова оқушылардың бойына патриоттық тәрбие ұялату жұмыстары көшін үзбейтіндігін айтты. Оқушы Айсәуле «Соғыстан қайтқан солдаттар» әнін шырқады. Ер есімі ел есінде жатталуы тиістігін танытқан тәлімі зор шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан тарих пәнінің мұғалімі Гүлайым Есетқызы кеш қонақтары мен қатысушыларға алғысын білдірді.
Еркеназ Қалижан