Біздің арамызда айналасындағылардың жылы қабағы мен ықыласына зәру жұмырбастар жетерлік.
Мұндай жандарға құрметтің қай түрі де артық етпейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әлсіз топтың әлеуетін жақсарту, оларға кедергісіз орта қалыптастыруға байланысты бірқатар тапсырмалар беріп келеді. Аяқ-қолы балғадай жандар тер төгіп еңбектенуге ерінетін қазіргі заманда мүгедек жандардың жұмыс істеуге деген ынта-жігерінің жоғары болуы көңілге қуаныш ұялатады. Шынымен де, қазақ қағидасы бойынша, қабілеті қысқаларға қолы ұзындар пана болып, қолтықтаса қиындықты жеңіп жатса ізгіліктің ілгері қадамы сол емес пе?
Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің кезекті есеп беру сайлау конференциясы өтті. Оған аудан әкімі Қайрат Нұртаев, барлық ауылдық округ әкімдері, мүгедектер ұйымының төрағалары, дербес бөлім басшылары, мүмкіндігі шектеулі жандар, БАҚ өкілдері қатысты. Конференцияны аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ғилыман Құспанов ашып, күн тәртбімен таныстырды. Одан әрі өзі мінберден табылып, атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
-2012 жылдан бастап мүгедектер қоғамын басқарып келемін. 2016 жылы біз қоғамдық бірлестік болып қайта құрылдық. Алдымызда тұрған міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөл¬у, олар үшін Қазақстанды кедергісіз аймақ¬қа айналдырып, барынша қамқорлық көрсету. Өйткені, кез келген қоғамның даму деңгейін анықтайтын тетіктердің бірі ретінде мүмкіндігі шектеулі жандарға жа¬салған жағдай мен қарым-қатынасты айтуға болады. Осы тұрғыдан келгенде елімізде ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар істеліп, көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда.
Ауданымызда 2420 мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Олардың 160-ы бірінші, 992-і екінші, 924-і үшінші топ мүгедектері. Қоғамдық бірлестік үш негізгі бағытта қызмет жасап келгенін қаперге бергім келеді. Біріншісі, науқас мүгедектердің денсаулығын оңалту. 2019 жылы тұрақты дәрігерлік ем алуға 816 адам тартылды. Былтыр оның саны 645-ті құрады. Соның өзінде осы уақытқа дейін аудан бойынша 13 қамкөңіл жанға медициналық көмек берілмегені белгілі болды. Күні бүгін оларды денсаулық сақтау бөліміне есепке алу жұмыстары жүргізілуде. 383 науқас аудандық емханадан ем алып, ауруынан жазылған. 211 мүгедек жан дәрігерлердің жолдамаларымен оңалту орталықтарында болып, сауықтыру шараларынан өтсе, 402-і курортты шипажайларда демалған.
Екінші бағытымыз әлеуметтік тұрмыс деңгейі төмен мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасыларына азық түлікпен, қаржылай қолдау көрсету. Биылғы жылы Құрманғазы ауылдық округінде 1 млн. 300 мың теңгенің көмегі ұйымдастырылса, Нұржау, Орлы, Ақкөл ауылдары да бұл игі үрдістен кенде қалмады.
Соңғы бағыт - еңбекке қабілетті мүгедектерді жұмыспен қамту. Күні бүгін аудан бойынша 262 қамкөңіл жанның 123-і жұмысқа орналастырылды. 5 мүмкіндігі шектеулі жан қосымша кәсіби мамандықтарын игерді. 45 адам кәсіпкерлікпен айналысып, өз істерін жандандыруға бар күш-жігерлерін салуда, - дей келе, хабарламашы ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шараларды тілге тиек етіп, қоғамдық бірлестіктің өз жұмысын жүргізуіне көбіне қаражат мәселесі қолбайлау болатынын, аудан кәсіпкерлері тарапынан қолдаудың аздығын алға тартты. Конференцияға қатысушы өмірдің қиын жағдайына тап болған жандар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, талқыға алды. Аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мүшелері Иса Қараменов, Рая Елеусізова оның төрағасы Ғ.Құспановтың осы уақыт аралығында атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деген бағаларын берді.
Келесі кезекте күн тәртібіне сай қоғамдық бірлестіктің жаңа төрағасы болып Гүлсара Қайырленова сайланды. Конференция соңында жаңадан бекітілген құрамның мүшелері таныстырылды.
А.Шакупова