«Nur Otan» партиясы атынан аудандық мәслихатқа кандидат Ануарбек Сәбитов «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында сайлаушылармен «Әлеуметтік әділ қоғамның мәселелері» тақырыбында кездесу өткізді.
- Аталған жоба ерекше қажеттіліктері бар қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға жәрдемдесуді көздейді. Ол төрт басымдықтан тұрады. Біріншісі – мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін «кедергісіз орта» құру болса, екіншісі – инклюзивтік білім беруге жәрдемдесу болып табылады. Бұл жерде ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларды оқуға тарту болып отыр. Үшінші басымдық - мүмкіндігі шектеулі адамдарға өз бетінше табыс тауып, өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жұмысқа орналасуға көмектесу. Ал, төртінші басымдыққа - еліміздің осы саладағы заңнамасын жетілдіру жатады. «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мүмкіндігі шектеулі жандардың қызмет алу, емдеу мекемелеріне қаралу, сауда орындарына, дәріханаларға бару сияқты күнделікті қажеттілігін қолжетімді ету мақсатында ғимараттардың кіреберісін пандустармен жабдықтауды ерекше бақылауына алып отырады. Сондай-ақ, «Көз жанары» корпоративтік қорының аудандық филиалымен де бірлесе жұмыс жасайды. Ауданда І топтағы - 194, ІІ топтағы – 1267, ІІІ топтағы – 1155 мүгедек бар, 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі бала саны – 302. Тифлотехникалық құралдарымен 94 адам, сурдотехникалық құралдармен 18 адам, кресло-арбамен 22 адам, протездік-ортопедиялық құралдармен 32 адам қамтылды. Аудан бойынша 22 әлеуметтік қызметкер 82 жалғызбасты қариялар мен мүгедектерді ұдайы қамқорлығына алып отырса, 14 әлеуметтік қызметкер 48 мүмкіндігі шектеулі балаға үйден арнаулы әлеуметтік қызметін көрсетеді. Күні бүгін аудан бойынша көру қабілеті нашар – 232, есту қабілеті нашар – 39, жүру қабілеті нашар – 77, барлығы 348 мүмкіндігі шектеулі сайлаушының алдағы 10 қаңтардағы сайлауда барлық құқықтары сақталады. Тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру және есту қабілеттері бойынша мүгедектігі барлар үшін сайлау учаскелерінде дауыс берудің бар жағдайлары көзделген. Дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі, яғни зағип, саңырау сайлаушылар үшін сурдоаудармашылар, тифлосурдо аудармашыларды тартылатын болады. Демек, бұл саяси науқаннан ешкімнің де қалыс қалмауы әбден ойластырылған, - деген үміткер Ануарбек Арманұлы партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырып, кездесуге келгендердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
А.НӘЖІМОВ
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Құрманғазы ауданының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді.