Адам баласының тағдыры түрлі түсті жіппен тоқылған өрнек секілді.
Кейде сол өрнектің жібі аяқ асты қара түске боялып, тағдыр жазуы тәлкекке салып, пендесін қиындықтарымен сынаққа алып жататыны бар. Басқа түссе, адам – пенде тағдырдың кез келген сынына шыдайды, көнеді, төзеді. Өзінің қабілетіне қарай тіршілігін жасайды, оған мүмкіндігі жоқтары үкіметтің көмегіне арқа сүйейді. Бүгінде қоғам мүмкіндігі шектеулі азаматтарды мейлінше мұңайтпаудың, олардың да өзгелермен тең дәрежеде, өзін қоршаған ортада кедергісіз өмір сүрулеріне қажетті жағдайларды жасауды тырысуда.
«Құрманғазы аудандық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Нұр шуақ» тігін шеберханасының меңгерушісі Гүлсара Мұстахимқызы жыл бойы атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Шеберханада 3 тігінші, 1 механик еңбек етіп келетінін, осыған дейін қызметкерлер мен оқушы формаларын, төсек-жабдықтар тігумен айналысып келгенін айтып, қазіргі таңда мекеменің ғимараты жарамсыз болып табылғандықтан қызметтің уақытша тоқтап тұрғанын қаперге берді. – Мүмкіндігі шектеулі жандарды ешкім қоқыс сынды сыпырып, не сыртқа итеріп тастай алмайды. Оларды мемлекеттің мойнына артылған масыл деп айту да асылық. Себебі, ешкім ертеңгі күнінің қай бағыттан шығарын білмейді. Олар да солай. Өмірлерін өздері өрнектегендер емес, маңдайға жазғанға мойынсұнғандар. Сондықтан, кеудедегі жұмыр етте жан барда еңсесін ешкімге ездірмейді. Бұған мемлекет те жол бермейді. Аяқ қолы балғадай жандар тер төгіп еңбектенуге ерінетін қазіргі заманда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыс істеуге деген ынта-жігерінің жоғары болуы көңілге қуаныш ұялатады. Елдегі пандемиялық ахуалға орай қоғамдық бірлестік «Нұр шуақ» тігін шеберханасы арқылы тігіншілер мен еріктілерді тарта отырып, барлығы 400 дана бетперде тігіп, тегін таратты. «Құрманғазы» қайырымдылық қорының қолдауымен Құрманғазы, Орлы, Еңбекші, Жаңаталап ауылдық округтеріндегі мүмкіндігі шектеулі жандар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, - дей келе, әлеуметте әлжуаз топ саналатын мүгедектерге қайырымдылық көмек көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын білдірді. Мүгедектердің мұңын түсініп, жоғын жоқтаған қоғамдық бірлестік олардың өмір сүру жағдайларын жақсарту бойынша жүйелі жүзеге асқан жұмыстарынан хабардар етті. Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша бірлестіктің алқа мүшелері қайтадан сайланды.
Жиналысқа қатысушылар төрайымның бір жылдық есебіне «қанағаттанарлық» деген баға беріп, толғандырған мәселелерін ортаға салды. Соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға әркез қамқорлық көрсетіп, қолдау білдіріп келетін Ғилыман Құспанов, Флюра Үмбетқалиева, Анар Қожағалиева алғыс хатпен марапатталды.
А.Шакупова