Мүгедек ағасын шебер етіп шығарды

(0 Votes)

Бүгінде мемлекетіміз шағын және орта бизнесті дамытуға ден қойып келеді. Бірақ, кәсібін дөңгелентіп отырғандардың арасында өз өнімін ұсынушылар аз.

Ал, қазақтың қолөнерін ортамызға қайта оралтып, ағаштан тұрмысқа қажетті бұйымдарды жасайтындар мүлдем сирек. Қолөнер шебері, жеке кәсіпкер Талғат Жұмалиевтің есімі ауданымызға кеңінен танымал. Ағаштан түйін түйген жігіттің жасаған бұйымдары бұған дейін Елордамыз Нұрсұлтан қаласында, тіпті Ұлыбританияның астанасы Лондонда өткен халықаралық көрмеде де лайықты бағаланған. Жақында Талғат тағы да биіктен көрінді. Атырау қаласында ұйымдастырылған «Қазақстанның үздік тауары-2019» аймақтық көрме-конкурсына қатысып, 70-ке жуық кәсіпкердің ішінен Нұрсұлтан қаласында өтетін байқауға жолдама алды. Мұның бәріне ол өз күшімен, тынымсыз еңбегі мен ізденісінің арқасында жетіп отыр. Осы жағынан Талғатты өзге жастарға үлгі етуге болады. Сонымен қатар жақында мүмкіндігі шектеулі бір адамды жұмысқа қабылдап, шеберлікке үйреткен жас кәсіпкерді сөзге тарттық...

 - Талғат шеберханаға мүмкіндігі шектеулі жандардан жаңа жұмысшы қабылдағаныңызды естіп жатырмыз. Жалпы пантаномикамен (ишара, ым, қимыл тілі) ағаш шеберлігін меңгерту, соның ішінде станокте жұмыс жасауды үйрету оңайға соқпаған шығар? Сіз оның маманы емессіз ғой.

- Әрине, бірақ, бәрі де адамның өзінің ынта-жігеріне, талпынысына байланысты. Біздің шеберханамызға 1966 жылы туылған Мұхтар есімді мүмкіндігі шектеулі ағамызды жұмысқа қабылдадық. Үйрету біраз қиындық тудырғаны рас. Соған қарамастан бұл ағамыз бес күннің ішінде ағаш токарлық станогімен жұмыс жасауды үйренді. Еңбегіміз босқа кеткен жоқ. Қазір осы істі толығырақ меңгеріп жатқан жайы бар. Бұл көрінгеннің қолынан келе бермейтін шаруа. Он екі мүшесі сау болса да станокпен жұмыс жасауды үйрене алмайтын, қиындығынан қашатын жастарды көріп жүрміз. Мұхтар ағамыздың елуден асса да оны тез меңгергені біз үшін жақсы жаңалық. Алға қарай қолөнер шеберлерінің қатарын тағы бір азамат толықтырайын деп тұр десем де болады. Айта кетейін автокөліктің электр желісін қарайтын бір әріптесім де осындай мүмкіндігі шектеулі жанды жұмысқа алып, үйретіп шығарды. Десек те, мұндай азаматтар ауданда жоқтың қасы, ал, ауылдарда қолдарынан жұмыс келетін, бір нәрсеге икемі бар мүгедектер аз емес. Басқа кәсіпкерлер де соларды қамқорлап, қолынан келетін жұмыспен қамтып, өмірден өз орнын табуына жәрдемдессе сауапты іс болар еді.

 - Атыраудағы көрмеден қандай әсер алдыңыздар?

- Оған облысымыз бойынша 70-ке жуық кәсіпкерлер қатысты. Менен басқасы серіктестіктерден, зауыттардан.Көрме ерекше болды.Тәжірибе алмастық. Атырау облсында өндірістік бағыттағы жұмыстар жақсы дамып келе жатқанын көрдік. Халық тұтынатын тауарлар бойынша «Үздік тауар» аталымын иеленіп, Нұрсұлтан қаласында өтетін республикалық көрме-конкурсқа қатысуға жолдама алдық. Бұл да еңбегіміздің бағаланғаны деп ойлаймыз. Шағын шеберхана болсақ та көрме-конкурсқа қатысып, бас жүлде алып жатқанымызға қуаныштымыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып,бізді осындай шараларға қатыстырып, халық тұтынатын бұйымдарымызды насихаттауға көмегін тигізіп жүрген аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Қайрат Мақсотовқа ризашылығымызды білдіремін.

- Шәкірттеріңіз туралы айтсаңыз? Алға қарай қандай жоспарларыңыз бар?

- Осы цехта Самат, Жомарт есімді жас жігіттер, Мұхтар ағамыз жұмыс жасайды. Оларды да шәкірттерім деп есептеймін. Бұйырса Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі жанынан ағаш шеберін дайындайтын он айлық курс ашу жоспарымызда бар. Құрылыста ағаш шеберінің жұмыс істеу технологиясын түсіндіреміз. Бұл ауданымызға ауадай қажет мамандық. Себебі үй құрылысында ағаш пайдаланылады. Үйдің төбесін жабу да екінің бірінің қолынан келмейді. Сол себепті салынған кейбір ғимараттардың шатырлары қатты желде ұшып кетіп жатыр. Жастар ағаш шебері мамандығын игерсе, далада қалмайды, өмірден өз орнын табады. Қол өнерге икемділігі болса оған да баулимыз. Алға қарай шағын шеберханамызды кеңейту жоспарымызда тұр. Тауарларымызға халықтан сұраныс бар. Шеберханамызды кеңейтсек оны толғымен өтер едік. Мамандарымыз өз ісінің білгірі болғандықтан жұмысымыз сапалы шығады.

i

- Әңгімеңізге рахмет! Биіктерден көріне беріңіз.

 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT