Мәдениет қызметкерлері мәнді өмірге лайық

(0 Votes)

Президентіміз өз Жолдауында мәдениет қызметкерлерін де қолдау керектігін, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі қажеттігін айтты.

Өте орынды деп есептеймін. Ешбір мерекелік шара, жақсылықтар оларсыз өтпейді. Қандай жұмыстың да өзіндік қиындығы болады. Мұны ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған сала ардагері ретінде жақсы білемін. Өмір бойы осы мәдениет саласында жұмыс жасағанда басымыздан оның талайы өтті. Соның бәрін жеңе білдік. Ескі «Уаз» автокөліктерімен жолы нашар әрі бірнеше шақырым қыр жолына да талай мәрте қатынадық. Әйел адамдарға бұл оңай емес. Шаршап келсең де қызметің ел көңілінен шыққаны көңіліңді көтереді. Аудандық мәдениет үйінде істегенімде бір шараның сценарийін дайындау үшін ізденіп, қажет болса журналистер сияқты оның басты кейіпкерімен сұхбаттасып, өзімізге қажетті деректерді жинайтынбыз. Жалпы мәдениет қызметкері деген уақытпен санаса бермейтін мамандық. Жалақысы да мардымды емес, әрі мерекелерде де демалып жарытпайды. Себебі халықтың демалысын ұйымдастыруы, сол бағытта атқарылатын шараларға қатысуы керек. Сол шараға елден бұрын ерте барып, сахнаны дайындап, концерт біткен соң бәрін қайта жинап кеш қайтады. Түрлі жеңілдіктер оларға тие бермейді. Міне, осындай тынымсыз жұмыста жүрсе де олардың еңбегі көп еленбейтіні рас. Мүмкін содан шығар талай жастар өзге мамандыққа бет бұрады. Әйтсе де бойына өнер біткен адам қандай қиындыққа да төзеді.

Шілде айында өткен балықшылар тойында аудан әкімі Қайрат Талапұлы: «Көзге көріне бермесе де бұл шараның жақсы өтуінде аудандық мәдениет қызметкерлерінің де еңбегі бар», дегенін естігенде көңіліміз марқайып қалған. Себебі бір шараның жақсы өтуі үшін барлық өнерпаздар күні-түні жүріп дайындалады. «Тойдың болғанынан боладысы қызық», дегендей мұның артында қаншама еңбек жатыр. Президентіміз соны жақсы түсініп, өз Жолдауында: «Мәдениет қызметкерлерін қолдау қажет. Біз мәдениет саласында еңбек ететін адамдарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл ең алдымен кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе. Олардың еңбекқақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Осы мәселеге қатысты Үкіметке келесі жылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуді тапсырамын», деп отыр. Өзім бүгінде зейнеткерлік демалыста болсам да әріптестеріме осындай қолдау жасалғанына қуаныштымын. Еліміз өркендеп дами берсін.

Гауһария Төкестаева,

мәдениет саласының ардагері

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT