Бірлік ауылдық округінде өткен есеп беру жиынында, округ әкімі Гүлжазира Әбенова жасаған хабарламасында:
– 2022 жылдың қыстағына 3587 тонна ірі сабақты мал азығы дайындалып, округ тұрғындары түгел қамтылды. Есепті кезеңде 1800 бас ірі қара, 371 қой-ешкі, 421 жылқы, 3 бас сиыр малдары бірдейлендіріліп, толықтай дерекқор базасына енгізілді. 2021 жылы округте 7 шаруа қожалығы, 27 кәсіпкер тіркелген. Өткен жылы шағын наубайхана іске қосылып, 4 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейі 4, 4 пайызды құрады. Шалғайдағы елді мекендерден мектепке 27 оқушы тасымалданады, - деп мәдениет, денсаулық, спорт және басқа да салалар бойынша атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті.
Ұсыныс пікірлер айтуға кезек келгенде ауыл тұрғындары Мәдина Файзуллина, Абдрахман Исмағұлов, Гүлсім Шүкірова, Бауыржан Ақбанов, Нариманбек Шолтыров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Хамзаев және басқалары ауыз суды үзбестен беру, көше жарығымен қамту, денешынықтыру және спорт кешенін, мәдениет үйін салу, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тағы басқа да мәселелерді қозғады.
«Каспий-Балық» ӨК атқарушы директоры Жұмажан Шакупов: – Қазір салынып жатқан балық зауытына баратын екі шақырымдық жол жаңбырлы күндері қиындық туғызып отыр. Келген көліктер күре жолға жете алмай батады. Бірлік ауылымен ортада жинаулы тұрған асфальтты пайдалануға рұқсат етсеңіздер өз күшімізбен жөндеп алар едік. Зауыт экспорттық өнім шығаратындықтан оған газ қосылса екен, - деді.
Амангелді ауылының тұрғыны Алма Қожантаева: – Ауылымыздағы өзекті топырақ басып жатырғандықтан тереңдету қажет. Қазір оның суы тартылып, жағасы батпақтанып барады. Ауылда ауыз у болмай қалғанда тұрғындар содан алады. «Ақбұлақ» бағдарламасымен берілетін су тоқтағанда халық қалай етерін білмей қалды. Осыны ретке келтіруді сұраймыз. Екінші айтарым, мектептің алды батпақ. Балалардың киімін күніне үш рет ауыстырамыз. Биыл Балалар жылы болған соң, мектеп алдына асфальт төсеуді өтінеміз, -деді.
Аудан әкімі Марат Бисенғалиұлы:– Мәдениет үйі бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы бітіп, 2020 жылы сараптаманың оң қорытындысы алынды. 300 орындық етіп саламыз, қаражаты 1 миллион теңгенің үстінде. Республикалық бюджетті нақтылау кезінде ұсыныс берілді. Биыл Жаңаталап, Байда ауылдарында да 300 орындық мәдениет үйі салынады.Орынбасарым, тиісті бөлім басшылары, мәслихат депутаттары Нұр-Сұлтан қаласына осы мақсатпен барып келді. Сондай-ақ, сенатор Ғұмар Дүйсембаев, облыс әкімі Махамбет Досмұханбетов жұмыстанып жатыр.Сіздерге биыл салып береміз деп уәде ете алмаймын. Амангелді ауылындағы жолды білемін. Жол бойында орналасқан, әрі көшелері тарлау. Кешенді жоспарға 2025 жылға енгізілді. Сол жылы Амангелді елді мекенінде балабақша салу да жоспарымызда бар, - деп басқа да атқарылар жұмыстардан хабардар етті.