Президенттің жаңа Жолдауы өміршеңдігімен, ел өміріндегі ең көкейкесті мәселелерді құнттауымен маңызды дер едім.
Мәселен азаматтардың зейнетақы жинағын баспана алуға жұмсауды ендігі жерде Президент тапсырмасы бойынша Үкімет реттейді. Әр зейнеткер құрметті еңбек демалысына шықпай тұрып та зейнетақы қорын ең қажетті тірлігіне жұмсауды оңтайлы шешу де көпшіліктің көкейін тесіп жүрген мәселе.
Әріге бармай ақ, ауыл-ауылдарға әкім болғандардың арасында «сен тимесең – мен тимен» дағдысымен өмір сүретіндер, көптің емес, ұтырлы сәті келсе өз қамынкүйттейтін азаматтар жиі ұшырасады. Әкімдік таққа отырып алған соң сөйтіп екі-үш жыл қарайып жүреді де қояды. Ауылдың өзекті түйткілдері, тұрғындардың көкейкесті мәселелеріне былқ етпейді ғой, былқ етпейді. Ендігі жерде халықтың 30 пайызына ұнамаса, жұмысымен хош айтысады.
Браконьерлікке қарсы заңды қатайту әбден толғағы жеткен жайт. Баяғыда солай істелуі керек-ті. «Тонап жатыр, бүлдіріп кетті» деп зарлай бергеннен не өнеді? Одан да ортақ тірлігімізге зиянын тигізіп, табиғатымызды аямаушыларды құрықтап, тиісті шарасын алсақ, өзгелерімізге сабақ болар еді. Өз өңірімізге көз салайықшы, Нарын, Азғыр бойының ақ бөкені, сауырына күн нұрын жалатқан алтын мүйіз киіктері қайда? Суда балық қалмады деген әңгімені екінің бірі айтады. Ал аудан базарыаулауға лұқсат етілмеген уақытта да түрлі-түрлі балық сатушылардан көз тұнады. «Мұны қандай жолмен аулап, қайдан алдыңыз?» дейтін біреу болсайшы...
Біз мұғалімдер әулетіненбіз. Баланың жайын сұрап басқан ізімізді аңдығандар көп те, ал «өз жағдайларың қалай, үй-күйің нешік, ұрпағыңды жетелеуге қаншалықты қауқарлысың?» деген кім болып еді? Келесі жылдан бастап жалақымыз 25 пайыз өссе, қағаз бастылықтан, түрлі сайлауларға, ел өміріндегі шұғыл шараларға жегілуден арылсақ, әрине, Президентімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Есесіне біз Тәуелсіз елдің барша ұрпақтарын өз баламыз деп есептеп, оларға терең ізденіспен білім береміз. Имандылық өнегеге баулып, теріс қылықтарға бой алдырмауларын қадағалауға уақыт табамыз. Өйткені, сол үрдісте тәрбиелеуге жағдай жасалмақшы, Президентке тағы да рахмет!
Мейрамгүл Жандыбаева,
Абай атындағы орта мектептің жоғары санатты мұғалімі