Ұлыстың ұлы күні ұлықталды

(0 Votes)

Күн мен түн теңесетін, дастарханға ақ толатын, шаңыраққа бақ қонатын, жаңару мен ұлттық салт-дәстүрлеріміз ұлықталатын Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз ауданымызда кең көлемде аталып өтті.

С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің алдында қаз-қатар тігілген аппақ киіз үйлер көлде жүзген аққулардай болып сап түзеген.

Олардың барлығында да қазақы дастархан жайылып үлкендерге құрмет көрсетіліп, төрге шақырылып, келушілерге Наурыз көже мен сары бауырсақтар ұсынылды.

Бұл киіз үйлерді аудан әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен мекемелер, аудандық орталық аурухана, Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі тігіпті. Бәрінде қызметкерлер ұлттық киімдермен жүр. Киіз үйлердің жанында және оған қарама-қарсы бетте ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі өтіп жатты.

Жәрмеңкеде «Құралай» нан-тағам комбинаты, «Амангелді», «Каспий Таңы» өндірістік кооперативтері, Ақылбек Қайсағалиев және басқа да жеке кәсіпкерлер өз өнімдерін жайып тастапты. Келімен есептегенде жаңа ауланған балық өнімдерінен сазан -1000, алабұға, құты – 300, қарабалық, табан - 400 теңгемен сатылып жатқанын көрдік. Одан өзге кепкен, ысталған балық өнімдерін де тұрғындар саудалауда. Іргелес Ресейдің Астрахан облысынан келген «В.Ковалев» пен аудандық «Ақсарай» жеке кәсіпкерлігінің иісін бұрқыратып, істікке түйреп, оттың қызуына қақтап пісірген кәуаптарын да алушылар көп. Жоғарыда аталған мәдениет үйінің алдындағы алаңның бір шетінде ұлттық спорт түрлері – садақ ату, қол күресі, кір тасын көтеру және басқаларынан жарыстар ұйымдастырылды.

Аудан әкімі Марат Мурзиев жәрмеңке мен спорттық жарыстарды аралап шықты. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің жанындағы демалыс алаңында «Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен» атты салтанатты шарада аудан тұрғындарын татулық пен бірліктің, еңбек пен ырыстың жарқын мерекесімен құттықтап:

– Наурыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнмен сабақтасып келе жатқан сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың төл мейрамы. Өткен жыл ауданымыз үшін табысты болды. Ауданымыздың экономикасы ауыл шаруашылығына негізделсе, мал және балық шаруашылығында әлдеқайда ілгеріледік. Басқа салалар бойынша да жетістіктерге жеттік. Биыл да аудан экономикасын дамытуға, әлеуметтік қорғау саласына тиісті қолдау жасалады. Бабаларымыз: «Ұлыстың ұлы күні айтылған барлық тілектер қабыл болады» деген екен. Әрбір шаңыраққа құт-береке мен шаттық алып келсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, келесі Наурызды да бірге қарсылайық,– деген ізгі тілегін жеткізді.

Мерекелік шарада Наурызға тән барлық көріністер сахналанды. Ұлттық киім киген қыз-келіншектер шашу шашып, наурыз көже ұсынып, Жер ана ізгі тілегін арнап, Қыдыр баба батасын беріп, Көктем ортадан табылып, ақ жаулықты әже аластау ырымын жасады.

Мерекелік сазды бағдарламада ауданымызға танымал өнерпаздармен қатар жас бүлдіршіндер де өз өнерлерін ортаға салды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT