Ұлы күні ұлыстың

(0 Votes)

Әжімді жүз қыраттар-дана көкем,

Өзгеріске түсіпті дала бөтен.

Мұсылманның Наурызы қандай шіркін,

Қуанышымыз бүгінгі алабөтен.

Дініміз бір, түсіміз түрлі мейлі,

Жуытпайды жаныңа мұңлы үрейді.

Өкпе-назың тоңменен бір жібіді,

Әрбір жүрек гүл болып үлбірейді.

Бауырлас ел арнадай тұтас тасып,

Бірде-бірін көрмейсің ұсаққа асық.

Қыстан аман шықтық деп ғажайып қой,

Бір-біріне жатуы құшақты ашып.

Қысталаңнан өткенбіз, дара сыннан,

Талай төнген қара аспан, қарасұр таң.

Бар қазақтың жүрегі, тілегі де:

"Айырмағай осы бір жарасымнан!"

Тәуелсізбіз, ел емес өкпе қозған,

Дара шауып жүйрігі көптен озған.

Ақ бауырсақ жұпарын ауа жайса,

Самауырлар түтінін көкке созған.

Көшелер де паш еткен берекені,

Әйгіленген жері бай ел екені.

Бұл кәдімгі қансіңді жаңа жылы,

Бұдан артық таппайсың мерекені.

Тәңір мұнда жұмағын ендіріпті,

Көңілді де көлде де сең жүзіп тұр.

Делебеңді қоздырар қаның тулап,

Тұлпарлары кісінеп ер Түріктің.

Дос пиғылға қосыл де шетін тұрмай,

Қиянат жоқ, болмайды кесір қылдай.

Жыл басы деп күніміз жарқырайды,

Өкпелідей өзгеге бетін бұрмай.

Жаңбырымен әз басын аспан иді,

Бедеріне мүк бітіп тас та сүйді.

Қазағыма бақ сыйла басталған жыл,

Досы түгіл көңілі жатқа сыйды.

Тұтастыққа дем бергей бірлік үні,

Босамағай арқауы тірлігінің.

Құшағыңды сен де аш, мен де аштым,

Құтты болсын Ұлыстың Ұлы күні!

Таңатар Дәрелұлы, ақын

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521