Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылғанына биыл - 33 жыл. Осыған орай, "Боздақтар" алаңында он жылға созылған интернационалдық майданда өз борыштарын өтеп, елі үшін жанын берген ардагерлер рухына тағзым жасалды.
Отанының бейбіт өмірі жолында шейіт болғандарға 1 минут үнсіздіктен кейін аудан әкімі мен ардагерлері, мәслихат депутаттары, қорғаныс істер бөлімі, Ауған соғысы қоғамдық бірлестігі, Ауған-Тәжік жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушылардың қоғамдық бірлестігі, Чернобль апаты зардабын жоюшылар қоғамдық ардагерлер бірлестігі, Жастар ресурстық орталығы,балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы атынан гүл шоқтары қойылды.
Атаулы күнге орай "Ұлы ерлік - ұрпаққа үлгі" атты концерттік шара аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде оздырылды.
Қаһарман жерлестерімізге арналған шарада ауған соғысына қатысқан ардагерлердімерекесімен құттықтау үшін алғысөз аудан әкімінің орынбасары Гүлнар Әдебиетқызына берілді. Жылнамалар тарихынан ешқашан сызылмайтын бұл датада егемен елдің кемелді келешегі үшін тер төккен майдангерлердің ерлігі әрқашан ел есінде екенін тілге тиек етті. - Ауған соғысы аяқталғанымен, оның қайғысы әкенің жоқтауы, ананың көз жасымен тарих беттерінде ұмытылмас із қалдырғаны рас. Осы ретте, азаматтық борыштарын адал өтеген барша ауған ардагерлеріне мықты денсаулық, өнегелі ғұмыр, өсірген ұрпақтарының қызығын ғана көруді тілеймін,- деп, соғыс даласында қаза тапқан Б.Бегалиев, Қ.Өмірбаев, Б.Құбаевтың ұрпақтарына аудан әкімінің "Естелік хатын" табыстады. Оған қоса, аудан әкімінің "Алғыс хатымен" әр округтегі майдангерлер мен БӘД пәні мұғалімдерін марапаттады. Келесі сөз кезегі Ауған соғысы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Айжарық Әлмұратұлына, ерлікпен опат болған жауынгерлердің ұрпақтарына ұсынылды. Олар Қазақстанының бүтіндігі мен амандығын сақтауда тар жол, тайғақ кештірген зұлматты күндер енді оралмасын деген көкейдегі тілегі мен ауған даласындағы қаруластары туралы өшпес естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
"Елім деген ер болса, ерім дейтін ел болар" демекші, айтулы жиын мәдениет үйінің өнерпаздарының әскери-патриоттық концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Жайдарлым Қайреден