Абай атындағы жалпы орта мектебінде «Ұлы даланың ұлттық ойындары» атты мерекелік шара ұйымдастырылды. Мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұлттық ойындардың тарихын жандандыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Ұлттық ойындар – ерте заманнан қалыптасқан дәстүрлі ойын-сауықтардың бір түрі.
Оның бастауы тым тереңде, ғасырлар қойнауында жатыр. Оған қоса қазақ ойындары өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова шараны ашып, зеректікті, ептілікті, икемділікті қажет ететін ұлттық ойындардың ерекшелігіне тоқталып, білек пен білім, күш пен мінез, төзім мен сабыр сынға түсетін сан түрлі сайыстар арқылы тәрбие мен тағылымды бойына сіңірген жастардың әрдайым алда болатынын жеткізді.
Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі, ақыл-ойды дамытуға арналған ойын. Абай атындағы жалпы орта мектептің мұғалімдері, тоғызқұмалақшылар Қаби Нұржан мен Данагүл қатысушыларға арнап шеберлік сабағын өткізді. Алдымен Нұржан Қаби ойынның шығу тарихы мен ережесімен таныстырып, ақ жаулықты әжелерді ортаға шақырып, ойнау жолын көрсетті.
Келесі кезекте «Бес тас» ойынын түсіндіру үшін З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Гүлден Баярова шақырылды. Оқушы қыздар аталмыш ойынды көпшілікке таныстырды. Ұлттық ойындардың тағы бір түрі – «Хан талапай» ойыны. Оның ойнау жолын З.Серікқалиұлы атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Ернар Маннапов оқушыларымен бірге көрсетті.
Шараны аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы қорытындылап, ұлтымыздың ұлттық ойындарынан шеберлік сабақтарын өткізген белсенді ұстаздарды алғыс хатымен марапаттады.
Айнагүл Күнұзаққызы