«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі өтті
фото: редакция қорынан
(0 Votes)

«Ер қанаты – ат» деп, тұлпарды қадірлеп өскен халықпыз. Бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей назарының арқасында ұлттық спортқа ерекше көңіл бөлініп жатыр. Себебі, ұлттық спортымыз ата-бабаларымыздың бізге қалдырған асыл мұрасы және аманаты. Оның артында қазақтың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Кенжелеп қалған ат спорты соңғы жылдары еңсесін тіктеуде.

Соның бір көрінісі ретінде 2 желтоқсан күні Атырау облысы Индер ауданының Көктоғай ауылынан басталып, Махамбет ауданының Аққайың ауылына дейін 90 шақырымға созылған «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафонын айта аламыз.

Марафонға қатысатын аттар көрсетілген шақырымды шауып өтуі тиіс болды. Жал-құйрығы төгілген жүйріктер, ауа-райының қолайсыз болғанына қарамастан жарыс жолына шығып, мәрені еңсерді. Жалпы, екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Ұлы дала жорығы» - әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге.

Аталған бәйге-марафоннан құрманғазылық атбегілер де тыс қалмады. Ауданымыздан 4 ат қатысып, бақтарын сынады. Жорықта Асхат Шапеновтің «Гүлсары» атты тұлпарын тақымдаған ұлы Мағжан 83 шақырымды шауып өтті. Руслан Қабдиев «Тұлғалы» атты жүйрігімен 80 шақырымды артқа тастады. Нұрсұлтан Дүйсеновтің «Жұмбақ» атты тұлпары 65, Әкежан Өтешовтің аты 60 шақырымды бағындырды. Ауданымыздың атбегілері баптаған жүйріктер Атырау облысында алғаш рет өткен марафонда алысқа шаба алатынын көрсетті. Иелері мен шабандоздары бәйге барысында тәжірибе жинады. Алға қарай мұндай жарыста бақтары жанарына сенімдіміз. Құрманғазылықтар ауданымыздың атбегілері мен «Газель» автокөлігімен көмектескен Шахмардан Кенжеғалиевке дән риза.

Атырау облыстық Бәйге федерациясының президенті Қайырбек Баймұратов: «Шараның жоғары деңгейде өтуіне әр ауданнан сайланған комиссия жетекшілерінің және облыстық «Ұлы Дала Жорығы» президенті Ербол азаматтың қосқан еңбектері өлшеусіз. Соның ішінде ұлт жанды азаматтарға, атап айтар болсақ, Индер ауданынан - Ақеділге, Қызылқоға ауданынан - Аянға, Махамбет ауданынан - Еркінге, Жылыой ауданынан - Ринатқа, Құрманғазы ауданынан - Келеске, Мақат ауданынан - Асыланбекке, Исатай ауданынан - Әдиге ризашылығымыз бен алғысымыз шексіз. Шынайы көңілмен қылған еңбектеріңіз облысымыздың ұлттық ат спортының өсіп дамуына зор септігін тигізеді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші, әркез осындай игі істің басында бірге болайық атбегі ағайын! Сонымен қатар, «Хабар» агенті «Дүлдүл Дүбірі» телеарнасы өкілдерінің сапалы түсірілім жасауына жағдай жасаған атбегі Мырзағалиев Бауыржан ініме ерекше рақметімді айтамын. Деннің саулығымен отбасы амандығын тілеймін!» деп ризашылығын білдірді.

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT