Ұлы Абай рухына тағзым етілді

(0 Votes)

Бүгін елімізде ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы тойлануда. 10 тамыз – елімізде Абай күні ретінде 2020 жылдан бастап ресми түрде аталып өтіледі. Бұл күн – ұлттық рухты еске алып, өзімізге, келешегімізге үңілу күні. Қазақтың бірегейлігі, ұлт ретінде іргесін бекіту – Абай шығармашылығының өзегі. Ол қуатты қаламы, озық ойы арқылы ұлттық сана мен мәдениет үшін күресті.

Абайдың ең үлкен арманы – халқының білімді, мәдениетті болуы еді. Ол ғылым мен техниканың рөлін жақсы түсінді.  Ауданымызда аудандық Аналар кеңесі мен Абай атындағы жалпы орта мектебі бірігіп, қазақ халқының дана ойшылы, ұлы ақын  Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою шарасын өткізді.

Шараға Құрманғазы аудандық Ішкі саясат бөлімі, округ әкімдігі мен Жастар Ресурстық орталығының  мамандары, ардагерлер, аудандық орталықтандырылған кітапхана, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ұжымы, музей қызметкерлері, аудандық білім бөлімі әдіскерлері, мектептердің ұстаздары, Аналар кеңестері мен кеңес жанындағы түрлі клубтардың мүшелері, Абай атындағы орта мектебінің педагогикалық ұжымы, оқушылары ақынның кеуде мүсін ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай рухына тағзым етті.

Шарада Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, прокуратура саласының ардагері Мүрсалиев Ғизатолла Қыдырұлы мен Атырау облысы мәслихатының депутаты, аудандық Отбасын қолдау орталығының бөлім басшысы, аудандық Аналар кеңесінің мүшесі Карсакова Замзагүл Оңдасынқызы сөз сөйлеп, ұлы ақынның мұрасын насихаттау - баршамыздың парызымыз екендігін алға тартып, адамзаттық құндылықты дәріптеген ғұламаның “Толық адам” іліміне егжей-тегжейлі тоқталды.

Оқушылар  Абай  өлеңдерін жатқа оқыды, шара  соңында "Көзімнің қарасы" әні орындалды.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT