Өркениетті елдерде ешкімді ұлтына, нәсіліне, дініне қарап кемсітуге жол берілмейді. Қазақстан да Тәуелсіздік алғаннан бері осы ұстанымнан айныған емес.
Еліміздің жылдан-жылға дамуы, экономикалық әлеуетіміздің артуы, халық тұрмысының жақсаруы жолында барлық қазақстандықтар «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе қимылдап, аянбай еңбек етіп келді. Алға қарай да солай бола да беретініне сеніміміз мол. Мына әлем кішкене атом бөшектерінен құралса, отыз жылдан аса уақыттағы жетістіктеріміз елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің де қосқан үлесінен тұрады. Сол себепті «Тілі басқа, тілегі бір, Діні басқа, жүрегі бір» дейміз.
Біз – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін» жақсы түсінетін Қазақстан атты қара шаңырақтың перзенттеріміз. Бір кемеде келеміз. Сондықтан қиындықта да, қуанышта да біргеміз.
Акеньтева Любовь Яковқызы – Құрманғазы ауданының тумасы. Сонау 1954 жылы осы жерде кіндік қаны тамып, дүние есігін ашқан. 1962 жылы ауылдағы Ломоносов атындағы орта мектепке оқуға барып, 1972 жылы 10 сыныпты бітіреді. Қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп бірге өскен қыз қазақшаны ана тіліндей меңгереді. Мектеп бітіргеннен кейін де алысқа ұзағысы келмей Ганюшкин ауылындағы телефон байланыс жүйесіне жұмысқа кірді. Бастапқыда шебердің қасында үйренуші болып жұмысқа орналасады.
– Қазақстан ортақ Отанымыз ғой. Балалық шағым, саналы ғұмырым Құрманғазы ауылында өтті. Сол себепті мен үшін оттай ыстық мекен. Алғашқы еңбек жолымды да туған жерімде бастадым. Ол кезде ауылдағы телефон байланысы жүйесі автоматтандырылмаған еді. Бар жұмыс қолмен атқарылатын. Мамандар жетіспейтін. Алғашқы кездерде көптеген қиындықтар кездесті. Бірақ, туған жерімнен ұзап ешқайда кеткім келмеді. Кейін Ташкент қаласында біліктілікті арттыру курсында оқыдым. Ауылдағы АТС біртіндеп автоматтандырылды. Монтер, аға электромеханик, автоматты телефон стансасы қызмет көрсету жүйесінің бас инженері қызметтерін атқардым. Ауылдарға телефон оңдауға барып жүрдік. Одақ тұсында қой қораларды тазалауға, өр суы келгенде бөгет салуға да жібереді. Ондай сәттерде демалыс еді демей барасың. 40 жылдан аса бір жерде тұрақтап жұмыс жасап, 2012 жылы зейнеткерлікке шықтым. Одан кейін де 2 жылға қалдырды. Соның бәрінде мен қазақтармен бірге болдым. Жақсы достарым, әріптестеріммен бірге қиындықты да, қуанышты да бастан өткердік. Осы ауылда отбасын құрдым. Жолдасымыз екеуіміз екі қыз тәрбиелеп өсірдік. Азаматым дүние салды. Үлкен қызым Астрахан қаласында тұрмыста. Кішісі үйіме жақын жерде тұрады. Тұңғыш қызымның бір ұл, бір қызы, кішісінде бір ұл бар. Үлкен немерем қолымда.
Жұмыста да, өмірде де қазақтармен көп араластым. Ешқандай түсінбестік, шеттету, біреуді ұлтына қарап кеміту дегенді көрген емеспін. Мейірімді, қайырымды халық. Қандай ұлт өкілін де құрметтеп сыйлайды.Тәуелсіздік алғалы да бірлікте тұрып жатырмыз. Өзім қазақша сұраса қазақша, орысша тіл қатса, орысша жауап беремін. Бүгінгі күнде ең керек нәрсе ол – адамдардың өзара түсіністігі мен бір-біріне деген сенімі. Ауызбірлігіміз мықты болса өмірдің қандай қиындықтарын да жеңеміз. Ортақ Отанымыз гүлденсе ол бәріміз үшін игілік. Сол сияқты қиындыққа тап болса ол да бәріміздің басымызға түседі. Осы татулығымыз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Бейбіт аспан астында бірге қызық көрейік,– дейді бірнеше мәрте социалистік жарыстың жеңімпазы, «Еңбек ардагері», «Қазақстан Тәуелсіздігіне 15 жыл» мерекелік медалдарының иегері Любовь Яковқызы. Бұл тілекке біз де қосыламыз.
Айнагүл Шакупова