Құрманғазы аудандық музейінде аналар кеңесімен бірлескен түрде музей ардагерлері және мектеп оқушыларының қатысуымен «Ақ орамал – асыл аналардың аманаты» тақырыбында мәдени іс-шара өткізілді.
Мақсаты – қазақ халқының ұлы мерекесі Наурыз мейрамы жөнінде түсінік бере отырып, халқымыздың салт-дәстүрін бойларына дарыту арқылы шынайылыққа, адамгершілікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ел арасында насихатталып келе жатқан тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жандандыру.
Шара шымылдығын «Аққу» әнімен ауданға белгілі өнерпаз Гүлзада Жұмалиева ашып, одан әрі аудандық музейдің директоры Жазира Мадирова қазақ тарихындағы ақ орамалдың философиялық мағынасына, халық арасындағы орамалға қатысты «Шарғы» және тағы да басқа ғұрыптарға қатысты түсінік берді. Ұлттық құндылықтардың бірі «Шолпы тағу» рәсімі көрінісінде музей қызметкері Назгүл Шатанова қыз баланың тәлім-тәрбиесіндегі шолпының ерекшелігін тілге тиек етіп, Ломоносов орта мектебінің оқушысы Тахмина Ақылбекқызының қос бұрымына бұйымды тағып көрсетті.
Экскурсия жүргізушісі Айнұр Алиева сұлулықтың нышаны болған музей қорындағы күміс жәдігерлерден жасақталған «Зергерлік бұйымдар – ұлттық болмысымыздың жақұты» тақырыбындағы көрмені таныстырды.
Оқушылардың қойған сұрақтарына әжелер толықтай жауап беріп, ақ орамалға қатысты тың мәліметтерін де баяндады Шара соңында С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Толыбай Қажыгереев «Тау ішінде» әнін орындап, қатысушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айнагүл Шакупова