Мерекеге орай Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап күні – тіліміз бен дәстүріміздің шынайы мерекесі» атты OPEN AIR шарасы өтті. Оған кітапханашылар, оқырмандар, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері, мектеп оқушылары қатысты.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы Маркс Мұстахишев мерекемен құттықтап: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында озық ойлы ұлт болудың төте жолы – кітап оқудың ұлт руханиятының тірегі және ел дамуының кілті екеніне баса тоқталып, «Ұлттық кітап күнін» атап өтуді ұсынды. Кітап – адам баласы ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал, білім мен тәрбие көзі. Ол адамзат жасаған ең ұлы кереметтердің бірі. Ұлттық кітап күнін енгізу халық арасында оқуды насихаттауға ықпал етеді, – деп ойлы оқырмандарымыз көбейе берсін деген тілегін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өмірзақ Қажымғалиев: – Кітап оқыған адамның санасына құйылып, тәрбие беретін құрал. Себебі жазушы немесе ақын сол кітабы өзінің ойын халықты, елді, жалпы адамзатты тәрбиелеуге бағыттайды. Жазғанда тек бір оқиғаны қуалаумен шектелмей, сонымен қатар диалог құрады. Диалог – екі адамның ортасындағы әңгімесі. Сонда бір-біріне айтылған әңгіме арқылы үлкен даналық сөз береді. Кейде жеке кейіпкерді өзімен-өзін сөйлеттіріп, мағына жасайды. Кітапты түсініп оқу керек. Сол жерлерді қараңқырасақ бізге тәрбие құралы бола алады. Осыны ескерген, кітапты көп оқитын азамат, Президентіміз Ұлттық кітап күні мерекесін жариялап отыр,– деп қатысушыларды кітап оқуға шақырды.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, белгілі қаламгер Таңатар Дәрелұлы: – Биыл «Киелі мекен, қасиеттi өлке- Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кiтабының тұсау кесер таныстырылымы Астана қаласындағы Парламент кітапханасында, Ұлттық академиялық кітапханада, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өтті. Ұлттық кітапханаға кіріп бара жатсам, қазақтың белгілі ақыны Маралтай Райымбекұлының «Кітап» деген өлеңін қабырғаға жазып қойған екен. Суретшілерге жаздырған болар. Маған қатты әсер еткен соң фотосуретке түсіріп алып, шығарттым, – деп аталған өлеңді және өз шығармасын оқыды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлығайын Нұғыманов: –Осынау мерекемен баршаңызды құттықтап, соның ішінде кітапхана қызметін ұйымдастырып, оны бастан-аяқ халыққа таратып, жан-жақты жұмыс жасап отырған аудандық орталықтандырылған кітапхананың Анар Нуриқызы бастаған кітапханашыларына ризашылығымды білдіремін. Сіздер арқылы осындай үлкен жұмыс жасалып, оқырмандар саны жыл сайын көбеюде. Әсіресе жас ұрпақтың арасында кітаптың маңызын жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жасап жүрген еңбектеріңіз ұшан-теңіз екенін айтсақ та жететін шығар, – дей келе ана тілімізді әрқайсымыз құрметтіп, дәріптеп, оның байлығын игеруге шақырып, бір өлеңін оқып берді.
Келесі кезекте айтыс ақыны Мұтиғолла Ғани домбырамен суырып салма өлеңін орындап, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі Қанат Ғұмаров кітапханаға үш кітабын табыстады. Жұмысшы мамандықтарына, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Ә.Сәрсенбаевтың 120 жылдығына арналған кітап көрмелері таныстырылды.
Шара барысында аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салды.
Әсерлі кешті аудандық орталықтандырылған кітапхананың директоры Анар Мусина қорытындылап, оқыған кітаптарын таныстырған Б.Бегалиев орта мектебінің 6 сынып оқушысы Нұрайна Сатханға Алғыс хат пен естелік сыйлығын табыстады.
Қ.Зарлыханұлы.