Оқушылар үйінде мұражай қызметкерлерінің ұйымдастыруымен қорда сақталған ұлттық киім-коллекциясының «Ұлттық киім-асыл мұра» атты онлайн көрме өткізілді. Оған аудандық оқушылар үйінің «Шабыт» көркемдеп оқу шеберлері және «Жас туристер» бекеті жанынан құралған үйірме оқушылары «ZOOM» платформасы арқылы қатысты.
Онда ҚР-ның халық жазушысы, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Ә.Сәрсенбаевтың, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын драматург М.Ысқақовтың, ҚР халық әртісі, домбырашы, профессор Ә. Есқалиевтың, Қазақ КСР-на еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Рахмет Иманғалиевтің шапандары, Қазақ КСР-на еңбек сіңірген әртісі, домбырашы, күйші Бақыт Қарабалинаның кеудешесі мен тұрғындар тапсырған қазақ және орыс халқының ұлттық киімдері таныстырылды.
Оқушылар алтын қорда сақталған ұлттық киімдер мен кимешек, күміс түйме және ою-өрнекпен көмкерілген сәукеле, сонымен қатар, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі туралы терең мағлұмат алып, көкейдегі сұрақтарға жауап алды.
Гүлфара Жасқайратқызы,
«Шабыт» көркемдеп оқу шеберлері үйірмесінің жетекшісі