Ұлт ұстазы Ахметке – 150 жыл

(0 Votes)

Тілі жоқ ұлттың - ертеңі бұлдыр. Ұлты болмағанның бойында патриоттық  қасиеті де жоқ. Оның сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл,- деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл –  150 жыл.

Осы орайда, М. В. Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінде Ахмет Байтұрсынұлының бір жарым ғасырлық мерейтойына арналған «Ұлт ұстазының мұрасы» тақырыбында қазақ тілі бірлестігінің ұйымдастырумен апталық өткізілді. Онда мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері  Қазақстанда тұратын барша халықтың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін қорғауға және дамытуға бағытталған түрлі шараның  өтуіне белсене ат салысты.

Соған сай,  «Ахмет Байтұрсынұлы — қазақ тіл білімінің атасы» атты тәрбие сағаты өткізілді. Оның мақсаты — оқушылардың ана тіліне, туған жеріне құрмет көрсетуге баулу және азаматтық, адамгершілік, ізгілік қасиеттерін, ұлттық рухани санасын, эстетикалық биік талғамын, өмірлік тәжірибесін байытып, туған тілін білуге тәрбиелеу. "Ахмет Байтұрсынұлы-ұлт ұстазы" тақырыбында 2-8 сыныптар арасында кітап оқудан жарыс өтсе, мектеп кітапханашысы Ж. Жалелова "Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылық мұрасы" деп аталатын  көрме ұйымдастырып, шәкірттерге әдеби шолу өткізді. «Ахмет Байтұрсынұлы —түркітанушы, публицист, аудармашы» тақырыбында 8-10 сыныптар арасында эссе жазу, 5-7 сыныптар арасында "Қоғам қайраткері-Ахмет Байтұрсынұлы" атты презентациялық таныстырылым сияқты тәрбиелік жиындар оздырылды. Осы ретте, тіл мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне 1-11 сынып оқушылары белсене қатысқанын атап өткім келеді.

Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, алғашқы ту ұстаушысы болған Ахмет, қашан да тарих биігінде тұрады. Біздің кім екенімізді, шыққан тегімізді, ана тіліміздің қай тіл екенін ұқтырып, Тәуелсіз Қазақстандағы әл-ауқатымыз  осындай алып тұлғалардың арқасында келгенін әрқашан  есте сақтауымыз керек.

 

 Шырақбаева Назерке Шырақбайқызы

М. В. Ломоносов атындағы жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT