Ресейде біздің қандастарымыз көп. Құдай көпсінбесін.
Әсіресе Астрахань облысында. Одан басқа Волгоград, Саратов, Самара, Оренбург облыстарында. Осы аталған бес облыстағы қандастарымызды"қамтитын"консулдық ашылған. Оның офисі Астрахань қаласында. Осы дипломатиялық мекеме шетте жүрген қандастарымызды "кіші отандары" - Қазақстанмен байланыстырып тұратын алтын көпір тәрізді. Осыны журналистік қызметпен Ресейге бара жүріп байқадым.
2012 жылы Астрахандағы опера және балет театрында Бекболат Тілеухан бастаған Қазақстан өнерпаздарының концерті болды, Оған ауылдардан да қазақтар көп қатысты. Венера Шарипованың Ш. Қалдаяқов өлеңдерін орындау тұсындағы залдың қосыла шырқағанын көрсеңіз! Мен астрахандық қазақтардың өлең мәтіндерін жақсы білетіндерін байқап, таңырқадым. Орыс болып кетті деп жүргендеріміз әндердің сөзін бізден артық білетін болып шықты. Көпшілігі көздерінен жас алып, ағыл-тегіл көңіл күйде отырды.
2013 жылы Ақ Еділ жағасындағы, Трусовқа өтетін көпірдің оң жақ қапталындағы көк шыныдан тұрғызылған көрікті ғимараттың Әль Паш мейманханасында ҚР Тәуелсіздігіні мерекесін тойлау салтанаты өтті. Оған Волгоград, Саратов қазақ қауымдастықтарының өкілдері, Иран, Әзірбайжан, Түркмения елдерінің консулдары қатысты. Алтынжардағы Құрманғазы мәдени орталығының өнерпаздары концерт қойды. Біздің Ресейде жүрген қандастарымыз ұлт намысының бедел байрағын биікке көтеріп келеді. Соған бірер мысал. Құмөзек жастары құрған(капитаны Азамат Мусағалиев) "Камызякский край" КВН командасы бір жылы чемпиондық тұғырға көтерілді. Оренбургта тұратын М-1 жекпе-жегінің шебері Да-мир Исмагулов М-1 чепионы атағын қорғап,алтын белбеуді иемденуде.
Айта берсе мысалдар жеткілікті. "Баласы атқа шапса, әкесі тақымын қысады". Біз де сол, Дамирлер жеңісіне бөрікті аспанға атып қуанамыз. Қалай десең де Азамат, Дамирлердің бойында қазақтың қаны ойнап,жеңістерге жетелеп жүргені шындық.
Мадат Сәрсекеев,
ардагер журналист