Рахымжанның ақындығы, жазу стилі, қаламгерлік ерекшелігі жөнінде барлық адамдар айтып жатыр. Мен өзімнің көрген-білгенімді ортаға салғым келеді. Ол текті тұқымнан шыққан тұлға. Себебі, әкесі қасымғали белсенді жұмыс жасап, орден алды. Сол қасымғали 14 жасында соғыс кезінде ығысып қалмақ қырына кеткен жеңгесін іздеп тауып, елге әкелген. Бұл екінің бірінің қолынан келмейді ғой. Қасымғалидың әкесі отарбай үлкен ғұлама, ғалым болған кісі. Ұрпағы рахымжанға сол дарып, кішкентайынан жазуға бейім болған. Ең бірінші айтайын дегенім, ол сөз қуаламаған, ой қуалаған. Ұшқыр сөзді, ұтқыр ойлы, өткір пікірлі. Ұтқыр пікірден ұшқыр сөз туады. Сөздерінің құрамына қарасаң соны анық байқайсың. Адаммен сөйлескенде де сондай қалып көрсетеді. Рахымжан пікірін айтқанда біреуге жағынып, көңілін табайын, ойынан шығайын деп ойлаған емес. Өзінің ұстанымынан туындаған сөзді айтады. Айтқанынан қайтпайтын ерекшелігі бар. Біреулер дәрежесі жоғары пенде көрсе, жағына сөйлеп, өзінен төмен болса басқаша құйқылжып шыға келеді ғой. Рахымжан қалай айтса, солай қалады. Біреудің айтқанына ілеспейді, сөз жетегінде кетпейді, өзінің ойымен, ақылымен жүреді, одан ауытқымайды. Сөз жетегінде емес, ой жетегінде жүретін азамат.
Сондай қасиеттерімен Рахымжан жанына досты көп жинаған. Бізде, шет елдерде, Түркия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия басқа да жақтарда достары жеткілікті. Еңбектерінің көпшілігі сол елдердің тіліне аударылды. Тағы бір қасиеті – қайырымдылығы. Біреудің берген дүниесін малдануды білмейді. Сол жерде шашып беріп кетеді. Оған өзіміз талай куә болдық. Рахымжан 50 жасқа толғанда оған ат мінгіздік. Қасында Илья Жақанов ағамыз бар. Атты сол бойда Илья ағаға тарту етті. Ол – екінің бірінің қолынан келмейтін нәрсе. Осындай жомарттығы бар еді. Оны берген дүние емес, көңіл достастыратын. Көп адамды байлық пен дүние жақындастырады. Рахымжанның жанында ауылдан да, басқа жерлерден де көп адамдар жүрді. Бәріне қамқорлық жасады. «Аға» деп сыйлап тұрады. Өзі кісіні құрметтей де, өзін құрметтете де білетін. Біз сондай қарым-қатынаста болдық. Елдің көп адамдарына көмегі тиді. Бірде, республикалық ұлттық кітапханада басшы болып тұрғанда бардым. Сонда алдына Қызылордадан біреулер шаруаларымен келіп отырды. Тіпті оған соқпайтын шаруаларды айтып Қызылордадан, Жамбылдан, жан-жақтан кісілер келіп көмек сұрап жатыр. Барлығына, елдегі азаматтарға да көмектесті. Балаларын оқуға түсіруге, басқа да жағдайларда қолұшын беретін.
Бір кездері Рахымжан драма театрда жұмыс жасады. Драматургия саласындағы ұжымдарға конкурс арқылы халықтық атақ беретін комиссия төрағасы болды. Оған еліміздің әр өңірінен театр ұжымдары келіп, конкурсқа қатысып, өздерінің пьесаларын қоятын. Бұрын бізде аудандық және Киров халық театры бар еді. Комиссия төрағасы ретінде Рахымжанның әдейі қолдауымен Мақаш, Орлыдағы Калинин театр ұжымдары халықтық атағын алды. Бұл да елге жасалған қамқорлық емес пе? Міне, осындай азаматқа біз ауданымызда бір дұрыс атау бере алмай жүрміз. Біздің елдің азаматын өзімізден басқа кім көтереді? Сондықтан менің аудандық орталықтандырылған кітапханаға Рахымжан Отарбаевтың атын берсек деген ұсынысым бар. Осыны аудан басшылары мен тұрғындары қолдар деп ойлаймын.
Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысының, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы