ЛОТОС ГҮЛІ – ТАБИҒАТТЫҢ СЫЙЫ, БАЛЫҚТАРДЫҢ ПАНАСЫ

(0 Votes)

Бесимбеков Ерлан Мұхтарұлы, Атырау облысы Құрманғазы аудандық балық қорғау инспекциясының маманы Атырау облысының табиғаты – Каспий теңізі мен Жайық және Қиғаш өзендерінің тоғысында орналасқан, бірегей су айдындарымен ерекшеленетін ерекше экожүйе. Бұл өңір – тек қана балықтар үшін ғана емес, сонымен қатар сирек кездесетін өсімдіктер үшін де табиғи қорық болып табылады. Солардың бірі – су бетінде асыл гүлін жайқалтып өсетін лотос гүлі.

Лотос гүлі  – Қазақстанда Қызыл кітапқа енген, ерекше қорғауға алынған өсімдіктердің бірі. Оның басты мекені – Қиғаш өзенінің сағалық алқаптары мен Еділ-Каспий суармалы жүйесінің тармақтары. Жаз айларында лотос гүлдеп, жергілікті тұрғындар мен қонақтардың назарын аударады. Алайда, оның табиғи ортада сақталуы тек табиғаттың өзі емес, адамның саналы әрекетіне де тікелей байланысты.

Лотос өскен суларда экологиялық тепе-теңдік қалыптасады. Оның жапырағы су бетін көлеңкелеп, температураны тұрақтандырып, кейбір су жануарлары мен балық шабақтары үшін көлеңке әрі паналау орны болып табылады. Лотос өсетін жерлер – балықтардың уылдырық шашатын табиғи мекені. Сондықтан бұл өсімдік – биоалуантүрлілікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарады.

Қазіргі таңда Құрманғазы аудандық балық қорғау инспекциясы Қиғаш және Жайық өзендерінде, сондай-ақ Каспий теңізінің солтүстік бөлігі мен іргелес су айдындарында балықтардың уылдырық шашу кезеңінде қорғау жұмыстарын жүргізуде. Бұл тек балық қорын сақтау ғана емес, лотос сияқты сирек өсімдіктердің табиғи мекенін де қорғау болып табылады.

Кейбір тұрғындар лотос гүлін жұлу, суретке түсу үшін таптау, қайықпен жақын жүру арқылы өсімдіктің тамыр жүйесіне зиян келтіретін әрекеттерге барады. Бұл – заңмен тыйым салынған және әкімшілік жауапкершілікке әкелетін әрекет. Еліміздің «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде» қорғалатын өсімдіктер мен жануарларға зиян келтіргендерге айыппұл салу көзделген.

Лотос гүлі – Қиғаш пен Жайық өңірінің экологиялық жауһары ғана емес, болашақ ұрпаққа қалдыруға тиіс асыл мұра. Осы мақсатқа орай табиғат пен мәдениетті ұштастыру аясында  2025 жылдың 26 тамыз күні Қиғаш өзенінің сағасында дәстүрлі “Лотос гүлінің фестивалі” өтеді. Бұл шара өңір халқы мен қонақтарына экологиялық мәдениетті насихаттауға, сулы-батпақты жерлердің маңызын түсіндіруге бағытталған. Фестиваль аясында экотурлар, фото-көрмелер, қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Іс-шара табиғатқа зиян келтірмейтін қауіпсіз тәртіппен өтеді, ал лотос гүлдерін жұлмау – басты талаптардың бірі болып қала береді.

Табиғатқа жанашырлықпен қарап, оның әсемдігін көзімізбен ғана тамашалап, оны қорғау – баршамыздың парызымыз..

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT