С. Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде ауылдық округтердің шежіре кітаптарының жазылуы жөнінде семинар және «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық энциклопедиясының 3-ші кітабының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге аудан әкімі Абат Жанғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Гүлжанат Қалиева, аудан әкімінің орынбасарлары Амангелді Мұратов, Марат Хасанов, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Газимова, ардагерлер, «Өренді өлкетанушылар» клубының мүшелері қатысты. Шараны Абай орта мектебінің ұстазы Рүстем Тоқаев жүргізді.
Аталған семинарда аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы: – Бүгінгі басқосуымыз ауданымыз, ауылдарымыз тарихын зерделеген, болашақ ұрпаққа қымбат қазына, асыл мұра болып қалатын кітаптың шығуына арналды. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын ойлар» деген халқымыздың нақыл сөзі тек жеті атамен шектелмейді, барлығын қамтиды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Еліміздің алға нық қадам басуы үшін біз бәріміз еңбекқорлық, білімпаздық, іскерлік, адалдық, бірлік, қайырымдылық сияқты құнды қасиеттерімізбен көрінуіміз керек», деді. Осы бағытта ауданда құрылған «Өренді өлкетанушылар» клубы біршама игі істер тындырды. Оның мысалы ретінде академик Өмірзақ Қажымғалиұлы ағамыз бастаған ардагерлеріміздің, азаматтардың еңбегімен құрастырылған «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты энциклопедиялық үш томдық кітапты айтсақ та жеткілікті. Үшінші томының бүгін тұсауы кесілгелі отыр. Жерлесіміз, баспагер, ғалым, жанашыр Ғарифолла ағамызға оның сапалы шыққаны үшін аудан тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін. Бұл кітаптарда тың деректер, бұрын ескерілмей жүрген оқиғалар, жер-су атаулары, қарапайым еңбек адамдарымен қатар салт-дәстүр, халқымыздың руханияты қамтылған,– деп ізгі тілегін жеткізді.
Семинар барысында «Кітаптың құрылымы мен өзгешеліктері» тақырыбында Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысының және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиевтің баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашы қандай тақырыптар қамтылуы, нені ескеру қажеттігі жайлы толық әрі ұғынықты етіп айтып шықты. «Қастерлі жандар», «Ауыл шежіресі», «Салт-дәстүр», «Ырым-тиымдар» тараулары бойынша өлкетанушылар, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы Асқар Ғұмаров, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Нұрлығайын Нұғманов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров, Қазақстан Республикасы мәслихатының Құрметті депутаты Рифхат Сұлтанияев түсінік беріп өтті.
«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты тарихи-танымдық энциклопедияның 3-ші томын ардагер ұстаз, Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі Қадірбай Жармұхамбетов таныстырып, аудан әкімі Абат Жанғалиев, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимовамен бірге аталған кітаптың лентасын қиды.
Шара кітапты шығаруда белсенділік танытқан редакция алқасы, редколлегия, «Өренді өлкетанушылар» клубының мүшелерін, көмек қолын созған азаматтарды марапаттау рәсіміне жалғасты. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиеваны, Ұлттық музейдің Алғыс хатымен ардагер ұстаз Қадірбай Жармұханбетов, Орлы ауылдық округінің әкiмi Жандос Бектемiров, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талғат Жаудин, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Зияда Жоламанова, аудандық музейдің меңгерушісі Жазира Хайрошева, «Дауылпаз» медалімен ардагерлер Жұмақай Ғұмаров, Нұрлығайын Нұғыманов, Ғаділхан Қалиев, Асқар Ғұмаров, Рифхат Сұлтанияев, Сағынжан Рахимов, жеке кәсіпкер Мерғали Ғабдушев, «Ел ағасы» медалімен «Құрманғазы», «Мақаш» ӨК төрағалары Сабыржан Сұлтанов, Жеңіс Әбілхайыровты марапаттады. Облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаты, «Құрманғазы ауданына 95 жыл» медалі, аудан әкімінің Алғыс хаты бір топ адамға табысталды.
Марапаттауды аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Ғаділханқызы, Атырау облысы тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары Сая Ғазимова жалғастырды. Үздік өлкетанушы, «Өренді өлкетанушылар» клубының төрағасы, «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» кітабының бас редакторы Өмірзақ Қажымғалиұлы семинарды қорытындылап, мұндай кітап еліміз бойынша біздің ауданда ғана шығып отқанын жеткізді. Алғашқы екі томын өз күштерімен шығарғандарына тоқталып, үшіншісіне қолдау көрсеткен аудан әкімі Абат Жанғалиевке ризашылығын білдірді. Соңында бір топ адамды «Өренді өлкетанушы» клубының Құрмет грамотасымен ұлығылады. Семинар аудан өнерпазы Толыбай Қажыгереевтің орындауындағы «Құрманғазы – құт мекенім» әнімен аяқталды.
Қанат ҒҰМАРОВ