Зейнолла Серікқалиев атындағы мектеп-интернатта «Менің өлкем – менің мақтанышым» атты кездесу кеші өтті. Кешке Қазақстан Жазушылар одағының және аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, ақын-жазушы Таңатар Дәрелұлы, жеке кәсіпкер Асқар Сатыбалдиев, аудандық музейдің директоры Жазира Хайрошева қатысты. Аталған мектеп-интернатта 150 оқушы, 60 мұғалім, 23 тәрбиеші, 12 түнгі тәрбиеші, 74 техникалық қызметкерлер бар. Бұдан бөлек 49 мүмкіндігі шектеулі бала білім алады.
Кеште мектеп-интернаттың директоры Қабдрахим Бисенғалиев ашып, қош келдіңін айтқан соң, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының жұмысы, «Киелі мекен, қасиеттi өлке-Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кiтаптың шығу барысы жайлы баяндаған 10 минуттық бейнеролик тамашаланды. Мектеп-жатақхананың педагог-зерттеушісі, білім ұясындағы мұражай меңгерушісі, «Өренді өлкетанушы» клубының осындағы жетекшісі Төлеген Сапуов өлкетану бағытында жасалған жұмыстар, Исатай ауданына сапарлап барып, тарихи орындарында болып, Исатай Тайманұлының төртінші, бесінші ұрпақтарымен кездескені жайлы әңгімеледі.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, ондаған кітаптардың авторы, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев: – Біз Жошы ұлысының ат байлаған күлдігінде тұрмыз. Батысымызда Селитренныйда Алтын Орданың астанасы болған жер, мына жағымызда Сарайшық жатыр. Ауданның зиялы қауым өкілдері, үлкендері, елім деп жүргендер туған жерімізді зерттеп, өзіміздің білімімізді тереңдетіп, өлкемізді таниық, білгенімізді жүйелеп, кейінгі ұрпаққа жеткізейік деген қорытындыға келдік. Осы жұмысқа бүгін арамызда жоқ Орынғали Құмарғалиев, Қадырбай Жармұхамбетов, Сағынжан Рахимов, Ғаділхан Қалиев өз үлестерін қосты. Бүгінгі барларымыздың ішінде кітап құрастыруға белсене қатынасып келген, осы жұмыстың басы-қасында жүрген Таңатар Дәрелұлы, Жазира Хайрошева. Бірігіп еңбек етіп, ізденіп, барлық деректерді бір арнаға тоғытып жаңа өздеріңіз көрген «Киелі мекен, қасиеттi өлке- Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кiтабының үш томын шығардық. Оны Астана қаласындағы С.Сейфуллин атындағы университетте, ұлттық академиялық кітапханада, Парламентте таныстырдық. Кітап жақсы бағасын алды. Сіздер мұны мақтаныш тұтуларыңыз керек. Аудан жайлы кітапты ел көлемінде таныстыру бізге дейін мүлдем болған емес. Қазір Киелі мекен, қасиеттi өлке- Құрманғазы» атты тарихи-танымдық кiтабының төртінші томын дайындап жатырмыз , – деп, өзінің екі кітабын мектеп-жатақхана кітапханасына табыстап, «Өренді өлкетанушы» клубының Құрмет грамотасымен мектеп-интернат директоры Қабдрахим Бисенғалиев пен зерттеуші-педагог Төлеген Сапуовты марапаттады.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, өлкетанушы, ондаған жыр жинақтарының авторы, танымал ақын Таңатар Дәрелұлы: – Осы кітапты шығаруда Өмірзақ Қажымғалиұлының еңбегі зор. Өмірзақ ағамыз кезінде кеңшар басқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы кездерінде бәрі талан-таражға түсіп жатқан шақта, көрегенділік танытып, өзі басқарған шаруашылықты сақтап қалып, Мақаш өндірістік кооперативін құрды. Халыққа жағдай жасады. Бүгінде біраз жасқа келіп, денсаулығы сыр берсе де ауданымыздың тарихын түгендеп, ешқандай ақша алмастан еңбектеніп, төртінші кітапты шығаруға жұмыстанып жүр. Ауданымызда батырлар мен ақындар ғана емес, талай бармағынан бал тамған шеберлер, қолы шипалы емшілер, соғыс кезінде бүкіл бір елді асыраған аңшылар өмір сүрді. Ағаштан түйін түйген шеберлер ғұмыр кешті. Олардың көбі бұдан бұрынғы кітаптарда айтылмады. Округтерге шығып, деректерді жинақтадық. Соның бәрін, туған жердің өсімдіктері мен аң-құстарын, тарихи ескерткіштерін аталған кітаптан табасыңдар, – деп арнау өлеңін оқып, екі кітабын мектеп-интернат жатақханасына тарту етті.
Келесі кезекте «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері Жазира Хайрошева, Асқар Сатыбалдиев сөйлеп, мектеп-интернат ұжымына жемісті еңбек тіледі. Өлкетанушылар атынан жеке кәсіпкер Асқар Сатыбалдиевтің демеушілігімен аз қамтылған 10 оқушыға оқу құралдары, 2 оқушыға мектеп формасы табысталды. Одан әрі кешке қатысушылар түрлі жәдігерлер мен «Мектеп тынысы» газетінің сандары қойылған білім ұясының мұражайымен танысты. Шара барысында мектеп-интернат оқушылары әндер орындады.
Қанат ҒҰМАРОВ