«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында «Киелі мекен, қасиетті өлке - Құрманғазы» атты шежіре кітаптың екінші томын дайындау жалғасып жатыр. Осы орайда «Өренді өлкетанушылар» клубының кезекті алқа отырысы өтіп, оны жүргізіп отырған академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы материалдар жинақтау барысында төмендегідей үш мәселеге ерекше назар аударуды сұрады.
- Өлкетану өткенге үңілуден басталады десем артық айтқандық болмас. Аудан басшысы, клубтың құрметті төрағасы Қайрат Талапұлының бастамасымен өткен жылы жарық көрген энциклопедиялық туынды көптеген оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алғаны қуантады. «Біткен іске сыншы көп» дегендей, кейбір азаматтардан «Менің әкем соғыс ардагері болатын, жинаққа енбей қалыпты, екіншісінен қалдырмауыңызды сұраймын» деген өкпе-наздар, өтініштер де айтылмай қалмады. Оларға газет бетін пайдалана отырып, мына мәселелерді түсіндіре кеткім келеді. Негізінен шежіре кітаптың екінші томын қолға алудағы мақсатымыз алдыңғысына ілікпей қалған, соңынан дерегі жинақталған киелі жерлер мен қасиетті адамдарды толықтырып енгізу болатын. Сонымен қоса, ашаршылық жылдарында аң аулап бір қауым елді аштықтан аман алып қалған аңшылар, шаруа адамының бір кәдесіне жарар керек-жарақты өз қолдарымен жасап, жыртығын жамасқан қолы ұсынақты ағаш, темір ұсталары, көрікшілер, зергерлер жайлы да тың деректер жиналмақ. Екіншіден, бұл жинаққа соғысқа алынып, майданға аттанған ерлерінің орнын басып, тылда қаһармандықпен еңбек еткен, майшамның жарығымен майдан шебіндегілер үшін жүн шұлық-қолғап тоқыған аналар кірістіріледі. Бір баласын алдына өңгеріп, бірін арқалай жүріп қолхоздың жұмысына араласқан олардың осындай жанқиярлық еңбектері ескерілуге тиіс. Осы санаттағы адамдарды барынша молынан қамтып, біреуін де қалдырмай деректерін тыңғылықты жинақтауымыз қажет. Үшіншіден, ауданның экономикалық өркендеуінде елеулі із қалдырған шаруашылықтардың, мекеме-кәсіпорындардың тарихы түгенделеді. Әр саланың атқарған қызметі, басшы-қосшысы, жұмысшысы мен еңбеккерлері жайлы жалпы мәліметтер беріледі. Мұндағы мақсат - өлкеміздің жүріп өткен ғасырлық жолын хатқа түсіріп, келер ұрпақ үшін қалдыру, - деп сөзін түйіндеген клуб төрағасы шығармашылық ұжымнан жинақталатын мағлұматтарды барынша қысқа да нұсқа дайындауды тапсырды.
Ауыл шаруашылығының ардагері Сағынжан Рахимов өз саласы бойынша дайындаған кезінде болған 10 кеңшардың ішінен әзірге Кировтың, «Октябрьдің», «Теңіздің» және балық аулаумен айналысқан 4 ұжымшардың қажетті мәліметтері толықтай баспаға дайындалғанын, ал Құрманғазы, Көптоғай, Балқұдықтан алынған құжаттар компьютерлік терімге берілгенін айтты. – Бұл жерде нақтылай кететін бір нәрсе бар, шаруашылықтың бірінші басшысы кемінде 5 жылдан, бас мамандар 7 жылдан, ал ферма меңгерушілері 10 жылдан жоғары аталған орында еңбек еткенде ғана өмірдеректері фотосымен беріледі, бұл критерилерге сай келмегендер жалпы тізімге еніп, есімдері ғана аталатын болады.
Орталық аурухананың директоры Гүлсара Мүтиева әріптесі Озат Ахметқалиевпен бірлесе отырып аудандық денсаулық сақтау ұйымдарының тарихы мен Кенжеғали Боханов, Абдош Ысқақовтардан бастау алатын өлкенің дәрігер мамандарын қалдырмай тізбелеп шығыпты. «Өренді өлкетанушылар» клубының мүшесі Зерек Сағыпазова, спорт саласы бойынша дерек жинаған Алмас Қайыржанов берілген тапсырманы тап-тұйнақтай орындап, ізденісті істері сарапшылар алқасынан жақсы бағаланды.
А.НӘЖІМОВ