Құрманғазы аудандық музейі жанынан құрылған «Өренді өлкетанушы» клубының кезекті мәжілісі «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» тарихи-танымдық энциклопедиясының екінші томын шығаруға белесене қатысқандарды марапаттаумен басталды.
Аудан әкімі Марат Мурзиев өлкетану ісіне өлшеусіз үлестерін қосып келе жатқандарға Алғыс хаттар табыстап, бірқатарының өңіріне Хиуаз Доспанованың мерейтойлық медалін қадады. «Amanat» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Өмірболат Есенғазиев те марапатын тапсырды. Күн тәртібіндегі келесі мәселеде клубтың жауапты хатшысы, аудандық музейдің директоры Жазира Хайрушеваның ұйымның 2021-2022 жыл ішінде атақарған ісі жайлы хабарламасы тыңдалды. Онда клубты құрудағы мақсат, өңірімізде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысу, көнеден жеткен жәдігерлерді іздестіру, тарихи-танымдық кітапқа материалдар жинақтау, оны баспадан шығару, халық арасында насихаттау сияқты жасалған жұмыстар кеңінен қамтылды. Хабарлама бойынша клуб мүшелері Таңатар Дәрелов, Жұмақай Ғұмаров, Рахмет Ниетқалиев, Нұрлығайын Нұғыманов пікірлерін білдірді. «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» кітабының үшінші томын шығару туралы «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы хабарлама жасап, алқа мүшелігіндегі, редакциялық ұжымдағы өзгерістермен таныстырды. Сондай-ақ, болашақ кітаптың «Еселі еңбек ерлері», «Азғырдың ақиқаты», «Тәуелсіздік таңы», «Санадағы серпіліс», «Нарықтық қатынастың жасампаздығы», «Әділеттіпік жолында – жаңару реформасы» аталатын алты тараудан тұратынын, оның бірінші тарауынан басқасы ауданның тәуелсіздік жылдарындағы кезеңін қамтитынын, еңбек энциклопедиялық мәліметте емес, публицистикалық бағытта жазылатынын мәлімдеді. Сондықтан авторлардан бұл іске жауапкершілікпен, үлкен ізденіспен қарауды сұрады. Алдағы 2023 жылы күйші бабамыз - Құрманғазының 200 жылдығын, Бөкей ханның Еділмен аралықты қоныстануының 220 жылдығын лайықты атап өту, біздің өлкеде өмір сүрген Шығай сұлтан мен күйші Дәулеткерейге құрмет көрсету жайында ұсыныс тастады.
Мәжіліс жұмысына қатысып отырған аудан әкімі М.Мурзиев алдағы жылы ауданымыздың 95 жылдығы келе жатқанын да айта кетіп, осы және жаңағы аталған ұсыныстарға орай бөлек жиын өткізіп, кең көлемде ақылдаса отырып, ойластыру қажет деген түйін жасады. Жалпы Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, батыр Хиуазға ескерткіш орнату жөнінде мүсіншімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын қаперге берді. Күн тәртібіндегі соңғы мәселе – алдағы 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына ауылдастардың қатысының белсенділігін арттыру бағытында орамды ойлар айтылды.
Айбек ӘНУАРҰЛЫ