Аудан әкімі Қайрат Нұртаев орынбасарларымен, аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев, Құрманғазы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Мерей Әжігереевпен бірге 14 наурыз күні қариялар Айсұлу Қаражанова, Мақпал Самиева әжейлерге, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиевке арнайы барып көрісіп, оларды қуантып тастады.
Айсұлу Қаражанова әжей биыл 92 жасқа толыпты. Кезінде көрген бейнетінің зейнетін татып, қас-қабағына қарап әлпештеген ұрпақтарының қолында ғұмыр кешіп отыр. Құттықтау сөзінде аудан әкімі Қайрат Талапұлы: – Көрісу күні біздің өңірде бұрыннан аталып өтетін үлкен мереке. «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін» шағында жетіп, халықты қуанышқа кенелтеді, малдың аузы көкке тиеді. Бұл күні адамдар бір-бірімен сағына қауышып, араларындағы өкпе-назын, реніштерін кешіреді. Жастар үлкендерге көрісіп, баталарын алады. Сол себепті өзіңізге құрмет көрсетіп шығайық деп келдік, құтты жылыңыз болсын дейміз. Ұрпақтарыңыздың қызығына бөленіп, аман отыра беріңіз – деген ізгі тілегін жеткізді.
Айсұлу әжей: – Кеше сіздерді келеді дегенді естіп қуанып қалдым. Біздің кезімізде мұндай кеңшілік болған жоқ. Көп қиындық көрдік. Оны кейінгі ұрпаққа бермесін. 8 бала өсірдім, бәрі де аман. Келіндерім, 23 немерем бар. Немерелерім жоғары оқу орындарын бітіріп, лауазымды қызметтерде ел игілігі үшін абыройлы қызмет етіп жүр. Бәрі осы балаларымның арқасы ғой. Сіздерге де құтты жыл болсын, - деп арнайы келіп жатқан аудан басшысы мен қосшыларына ризашылығын білдірді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Болат Жүгінісов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиев кеудесінде медалдары сыңғыр қаққан қарияға ізгі тілектерін арнады. Ұрпақтары атынан ауданға есімі белгілі сазгер Есенғұл Қаражанов сөйлеп, құттықтап келген қонақтарына алғысын айтты. Келушілерге үй иелері атынан наурыз көже ұсынылды.
89 жасар Мақпал Салиева әжей көп жыл ұстаз болып, талай шәкірттерді тәрбиелеген жан. Орлы, Теңіз ауылдарында қызмет еткен. Аудан басшысымен әңгімесінде Мақпал әжей әкесі теңізге шығып кетіп оралмай қалып, жас шағынан еңбекке араласып, біраз қиындықтар көргенін айтып: – «Пионер», «Молотов», «Сталин», «Абай» мектептерінде жұмыс жасадым. Ол кезде жаңа келген мұғалімді басқа мектептерге жиі ауыстырады. Зорматыда істеп жүргенде тұрмысқа шығып, «Пионер» мектебіне келдім. Одан кейін Орлыға ауыстық. Мұнда 20 жыл қызмет еттім. Математикадан сабақ бердім. Кейінгі кезде балаларымның қызмет бабына байланысты осы жерге келіп қоныстандық. Қайда да халық «Мақпал апа», деп сыйлайды. Қазір сол құрметті көріп, балаларымның алдында иманмен кетсем деген тілекпен отырған жайым бар қарақтарым, - деп құттықтай келгендердің дендеріне саулық, бастарына амандық тілеп, ақ батасын берді. Ұлы Амантай Арыстанәлиев әжейдің газетіміздің тұрақты оқырманы екенін айтып, қарияның күйеу баласы Қожахмет Мамитов екеуі аудан басшысы бастаған азаматтарға құттықтай келгендері үшін риза екендерін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, академик Өмірзақ Қажымғалиев көрісе келгендерді жылы қарсылап, ризашылығын білдірді. Аудан әкімі Қайрат Талапұлымен әңгімесінде: – Партия кезінде ескінің қалдығы деп көрістірмеді. Соған қарамастан Қазақстан бойынша біздер бастыстықтар бұл мерекені аман-есен сақтап қалдық. Себебі батыста осы араны мекен еткен тайпалардың салт-дәстүрі ешқашан мызғыған емес. Көрісу ежелден бар, оны бізге басқа ел келіп мәжбүрлеп енгізген жоқ. Жоғалмай, бүгінге жетуі Әбілхайыр ханның арқасы. Ұлы жүз ойраттардың қол астында қалып, Орта жүз Шайбанилерге жақын болып бұл дәстүрді сақтай алмады, - деп көрісудің тарихы жайлы қызықты әңгіме қозғады.
Қанат ҒҰМАРОВ