Үлкен округтің даму барысы қарқынды

(0 Votes)

Аудан орталығы – Құрманғазы ауылдық округі онның үстінде шағын мөлтек аудандарға бөлінеді. Әрқайсысының өзіндік тарихи атауы бар. Округ бойынша 15021 тұрғын есепте тұр. Оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 8326 адам. Жан-жағын су қоршап жатқан, жасыл желекке малынған ауыл әдемі келбетімен көз тартады. Әсем ғимараттар, асфальт көшелер, самаладай төгілген түнгі жарықтар ауыл көркін айшықтай түседі.

Бүгінгі Құрманғазы ауылын біздің бала кезіміздегі көшесінің шаңы аспанға көтеріліп жататын  провинциялық елді мекенмен салыстыруға келмейді. «Елу жылда ел жаңа», деген осы. «Ауылына қарап әкімін таны», дегендей, мұнда туған жерінің дамуына бейжай қарамайтын, көркейіп, гүлдене түсуін аңсайтын Құрманғазы ауылдық округінің әкімі, төрт жылдан аса осы қызметті абыроймен атқарып келе жатқан Муса Абдуррахман Рахметұлының да еңбегі бар. Бүгінгі сұхбатымызда осы азаматпен аудандағы ең үлкен округтің өсіп-өркендеуі жайлы әңгіме өрбітеміз.

 – Абдуррахман Рахметұлы! Құрманғазы ауылы  жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан сұхбатымызды ең өзекті мәселелердің бірі – тұрғын үймен қамту, жер телімдерін  беруден  бастасақ.

– Округ бойынша 1727 тұрғындар жер кезегінде тұр. Өзіңізге мәлім Шипажай, Болашақ учаскелері бойынша 468 адамға тұрғын үйге жер телімі берілді. Шипажай-2 учаскесі бойыншада биыл инфрақұрылым тарту  жұмыстары басталады. Жаңадан Шарапат, Бәйтерек мөлтек аудандарына егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жасақталды. Жыл басында  14 әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына  тұрғын үй алып беріліп отыр. Биылғы жыл аяғына дейін апатты деп танылған көпқабатты тұрғын үйдегі азаматтарды да баспанамен қамтуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. 2024 жылдың соңына дейін мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталады.

– Жұмыссыздықты  азайту  мақсатында  қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Өткен, 2023 жылы округ бойынша жұмыссыздар саны – 329 адам болды, яғни, экономикалық  белсенді халықтың 3,9 пайызын құрады. Округ  бойынша  жұмыссыздар санын азайту бағытында жаңа жұмыс орындарын ашу, несие және қайтарымсыз грант беруде бірқатар жұмыстар жасалды. Ілгерлеушілік бар. Атап айтқанда 2023 жылы жаңадан – 6,  ағымдағы  жылдың  қазіргі уақытында – 3 шағын және орта бизнес нысандары іске қосылды. Былтыр, «Жастарды шағын несиелеу» бағдарламасы бойынша жастардан 4 адамға жалпы құны – 18 200,0 (он сегіз миллион екі жүз мың) теңгенің  несиесі  берілді.  2023 жылы Үкіметтің «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» аясында мемлекеттік қайтарымсыз грант алғандардың саны – 15 адам, қаржы мөлшері – 20 700,0 (жиырма миллион жеті жүз мың) теңге. Осыған қоса, өткен жылы «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында ауылымыздың  5  кәсіпкері  жұмыссыз жастар ішінен 5  адамды  жұмыспен  қамтыды. «Күміс жас» жобасы бойынша қатысушылар саны – 21 адам.

       Жұмыссыздар санын барынша азайту, ол  үшін жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау - округ әкімінің жұмысының басты бағыты болып қала береді. Округ бойынша 1458 кәсіпкер тіркелген. Сол, 2023 жылы ауылдарды дамытуға арналған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 адамның құжаты мақұлданып, жылдық 2,5 пайызбен, барлығы 26 410,0 (жиырма алты миллион төрт жүз он мың) теңге несие алуына жағдай жасалды.

            Жастар жайлы сөз қозғалғаннан кейін осы мүмкіндікті пайдаланып, кейінгі буынға тәлім-тәрбие беру, олармен түрлі шаралар өткізу округте жақсы жолға қойылғанын айта кетейін. Бұл істе бізге аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Қадырбай Жармұхамбетов, Құрманғазы ауылдық округі аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаева, ауғандық  және  чернобылдық  ардагерлер тарапынан қолдау көрсетіліп отыр, оларға шынайы  ризашылығымды білдіремін.

– Аз қамтылған отбасыларына әлеуметтік көмек көрсету бағытындағы жұмыстарды қысқаша айтып  өтсеңіз?

– Былтыр – 33, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында – 20 аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін арнайы комиссия құрылған, әрбір отбасының жағдайы сараланып, жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Округ бойынша біржолғы көмекке биыл екі отбасы өтініш білдіріп 80000 тенге көмек көрсетілді. Жеке кәсіпкерлер де қайырымдылық шараларына атсалысып отырғанын қаперге беремін.  

 – Аудан орталығының мөлтек аудандарын көше жарығымен қамту барысы қалай жүзеге асуда?

– 2023 жылы «Ауыл - ел бесігі» жобасының аясында Құрманғазы ауылының 20 көшесіне, жалпы ұзындығы – 9,2 шақырымды құрайтын көше жарығы жаңадан жүргізілсе, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша округтегі 82 көшеге, жағажайлар, орталық саябақ, Боздақтар алаңына жөндеу жұмыстары жасалып жалпы   4000  дана көше жарығы тартылды. Биылда бұл жұмыс осы бағдарлама арқылы өз жалғасын тауып Үлкен және Кіші кресті  елді мекендері мен кейбір көшелерге  жарық тарту  толықтай жүргізіледі.

– Ауыл тұрғындарын үнемі мазалайтын жол, санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру мәселелеріне кеңірек тоқталсаңыз?

– Құрманғазы ауылында қазіргі таңда 87 шақырым ауылішілік жолдар мен көшелер болса, оның тек 47 шақырымы (54%) асфальттанған қалған 40 шақырымы  (40%) топырақты жол. Ауылішілік жолдарды тротуармен қоса қайта жаңғырту жобасы жасақталып, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Оң қорытындысын алған соң 16,1 шақырым құрылыс-монтаж жұмыстары басталатын болады. Қалған 24 шақырым жолдарға үшінші кезеңмен ЖСҚ жасау үшін бюджеттік өтінім берілді. Жалпы жолдарды күтіп ұстау есебінен жол белгілерін орнату, жолақтар сызу, жасанды жол кедергілерін орнату, шұңқырларды жамау т.б жұмыстарды атқарып келеміз. Бұл мақсатта ауылішілік автомобиль жолдарын күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмыстарына - 25 837,0 мың теңге қаржы жоспарланып, толықтай игерілді. Қоғамдық тәртіп пен құқық бұзушылықтың, жол-көлік оғиғаларының алдын алу, қылмыс деңгейін азайту, қылмыстың ашылуын арттыру шараларын жүргізу үшін Құрманғазы ауылының орталық көшелеріне, саябақтарға және адам көп шоғырланатын сауда орындарының маңына 22 дана бейнебақылау камералары орнатылды. Округтегі бейнебақылау камераларының санын көбейту мақсатында қосымша ұсыныстар жолданды.

Шарон өзенінен жаңадан автокөлік көпірін салуға ЖСҚ жасақтауға қаржы бөлініп жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өтініші бойынша ауылішілік жолаушылар тасымалы ұйымдастырылып, төмендетілген тариф бағасымен халыққа қызмет жасауда.

 «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы арқылы соңғы үш жылда жасыл желектерді күтіп ұстау мақсатында ауылдардан Самаркинде – 4, Бұзаусыланда – 2, ПМК ауылында – 1 жасыл желектер қоршаулары салынып, жас талдар отырғызылып, күтілуде. Абаттандыру жұмысы бойынша ауылымыздың ішіндегі барлық балалар ойын алаңдары, саябақтар, спорт алаңдары, жасыл желектер мен әкімшілік ғимараттардың қоршаулары жыл сайын жөнделіп, сырланып, күтіп ұсталынып келеді. Көгалдандыру жұмыстары биылда жалғасуда.  Ауыл ішіндегі 46 дана көрнекі ақпараттар ілінетін бильбордтар жаңартылды. Салауатты өмір салтын қалыптастырып, ауыл жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, ауылдағы бұқаралық-көпшілік спортты дамыту мақсатында мемлекеттік тапсырыспен Құрманғазы ауылдық округінің РТС және Жапырық ауылдарында типтік жобада спорттық ойын алаңдары салынуда, биыл пайдалануға беріледі. Орталық стадион жаңғыртудан өтуде және сонымен қатар,  биыл Бұзаусылан, Кіресті ауылдарына шағын футбол алаңы салынса, Кіші Крестіге  балаларға арналған ойын алаңын орнату жоспарымызда бар. Бүгінде аудан орталығындағы жалғыз жабық типтегі спорт  кешені аздық етуде, соған байланысты  Самаркин, ПМК ауылдарына осындай ғимарат салу үшін аудан әкімдігіне  ұсыныстар жолданды. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында округ бойынша Жапырық, Сазтүбек, РТС ауылдарындағы 3  зираттар қоршалды.

Ауылдың санитарлық тазалығы күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселенің бірі екені белгілі. Округ бойынша жергілікті бюджеттен санитарлық тазалық жұмысына – 26 083,0 мың теңге жоспарланып, жұмыстар жүруде. Құрманғазы ауылының санитарлық тазалығын қалыпты жағдайда ұстау үшін, 3 дана арнайы техникалар – тиегіш трактор, тиегіш эксковатор, «Беларусь» тракторы сатып алынды. Қоқыс салатын 308 дана контейнер және 65 дана ПЭТ контейнер сатып алынып, 62 дана контейнер алаңшалары салынды. Ағымдағы жылы қосымша 200 дана контейнер алуға және 65 орынға контейнер алаңдарын салуға бюджеттік өтінім жолданды.

 – Көтеріліп жүрген мәселелерден шешімін тапқандары бар ма? Кресті ауылының тұрғындары ауыз су болмай қалатыны жөнінде жиі шағымданады. Аудан орталығының сұрқын қашырып тұрған ғимараттар қашан алынады? Бұл жөнінде не айтасыз?

– Бұған дейін ауылының шығысында орналасқан кеңес заманынан бері қолданылып келе жатырған қоқыс алаңы мен кәріз сулары төгілетін орынды қоршау жұмыстары бірнеше жылдан бері шешімін таппай келген болатын. 2023 жылы аталған екі қоқыс алаңын қоршау жұмыстары жүргізілді. Қоқыс алаңына тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптауға арналған ангар салынып, ішіне қажетті құрылғылар сатып әкелінді. Есепті мерзімде 8 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 12 техника, 244 адам қатысты, 64 тонна қоқыс ауыл сыртындағы алаңға жеткізілді. Кресті ауылына су қыс бойы үзбей берілді. СТҚ өз мақсатында жұмыс жасайды, яғни, тұрғындарды ауыз сумен қамтиды. Қазір одан берілетін су мақсатсыз жұмсалуда. Сол себепті, қыстай жеткен су жазда ауылдың кейбір жерлеріне бармай жатады. Ауыл тұрғындарынан тіршілік нәрін ысырап етпеуді, ұқыптылықпен пайдалануды сұраймыз.

            Енді ауылдың көркін бұзып тұрған ескі клуб, Самаркиндегі бұрынғы нан зауыты ғимараты, пайдаланылмай тұрған дүкендер иелеріне оларды жою жөнінде ескерту берілді. Әртүрлі себептермен, қаржылық жағдайларына байланысты кешіктіріп жатқандарын алға тартты. Ескертуден қорытынды шығармаса, айыппұл салып, шарасын аламыз.

– Ағымдағы жылы алда тұрған қандай міндеттер бар?

Қазіргі уақытта округ теңгеріміндегі он тұрғын үйді ағымдағы жөндеуден өткізу үшін –  40 000,0 мың, екі жатақхананы жөндеуге – 11 305,0 мың, ескі мұрағат ғимаратын ағымдағы жөндеуге – 14 532,0 мың, су тазарту қондырғыларына екі дана насос сатып алу үшін – 6 000,0 мың, орталық жылу жүйесінің жылу құбырын жөндеуге – 34172,00 мың, Атырау көшесінің электр желісін ауыстыруға – 35000,00 мың теңге  жоспарланып, бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Бұған қоса 6 631,0 мың теңге Кресті елді мекеніне балалардың ойын алаңын және 7 500,0 мың теңге футбол алаңын, 6 000,0 мың теңге Бұзауслан елді мекеніне футбол алаңын салуға жоспарланып, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп отыр. Алда тұрған міндет бөлінген  қаржыларды  толықтай  және  өз  мақсатында  жаратылуын  қамтамасыз  ету.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

Қанат ҒҰМАРОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521