Үлкен істердің бір бөлігі

(0 Votes)

ҚАЗАҚСТАН Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылауға арналған облыс әкімінің актив жиналысы тікелей эфирден көрсетіліп, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бес бастамаға қысқаша тоқталды.

 

Аймақ басшысы өз сөзінде: - Бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асырған кезде жаңа бір әлеуметтік деңгейге шығатынымыз сөзсіз. Бұл халықтық бағдарлама. Елбасымыздың биылғы қаңтар айындағы және бұған дейінгі Жолдауларында, стратегиялық құжаттарда, рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласында көрсетілген міндеттерді орындаумен ұштасып жатыр. Мемлекет басшысы 7-20-25 бағдарламасын ұсынды.

Яғни, бұл тұрғын үй алу үшін несиенің өсімі 7%-дан, алғашқы салым 20 %- дан аспауы және несиенің мерзімі 25 жылға дейін ұзартылуы. Айта кететін жайт, 2007 жылы облыста 877 адам пәтер алуға ұсыныс берген болса, 2018 жылдың І жартыжылдығында 19547 адам кезекте тұр.

Мұны Президенттің бастамасымен жүзеге асқан «Тұрғын үй», «Нұрлы жер» бағдарламаларына халықтың сенімінің көрінісі деп санаймыз,- деді. Бірінші басымдық бойынша былтыр облыста 1977 пәтерлік 36 көп қабатты үй пайдалануға берілген. Жер телімін алуға кезекте тұрғандар 108 мың адам. Олардың 50 пайызы соңғы 5 жылда тіркелген.

Екінші бастама бойынша төмен жалақы алып отырғандардан ұсталатын салықты 1 пайыз мөлшеріне түсіріп, соның есебінен олардың еңбекақысын көтеруге берілген тапсырманы орындау мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталмақ.

Жоспардың орындалуы ұдайы бақылауда ұсталады. Үшінші бастама бойынша облыста жоғары білім алудың қолжетімділігін және сапасын арттырып, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асады. Одан әрі облыс басшысы төртінші және бесінші бастамаларға қатысты атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. Қатысушыларды Елбасы тапсырмаларын ойдағыдай орындауға шақырды.

Облыстық актив жиналысының соңы аудандық активке жалғасып, аудан әкімі Бибоз Шаяхметов: - Елбасымыз ұсынған бес басымдық жайлы жаңа ғана облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы айтып өтті. Былтырғы жылды жақсы көрсеткішпен аяқтағанымыз осы отырған бәріміздің біріккен жұмысымыздың нәтижесі.

Бірінші басымдық бойынша қазіргі күні Шипажай және Болашақ мөлтекаудандарынан тұрғын үй құрылысын салу үшін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстар аяқталғанда 468 жеке тұлғаларға жер учаскесі беріледі. Қазіргі күні тұрғын үй кезегінде 662 отбасы тіркелген.

Екінші бастама бойынша айтарым, жыл ішінде бюджет 105% орындалды. Елбасы саясатымен ең төменгі айлық есептік көрсеткіш 2269 теңге болса, соның 25 еселенгенінен 56755 теңгеден төмен жалақыдан төлейтін салық 10 %-дан 1 пайызға түсіріліп отыр. Мұның өзі тұрғын үй алуға, ипотеканы уақытында төлеуге туғызылған мүмкіндік.

Үшінші бағытқа тоқталсақ аудан орталығында агроколледж жұмыс жасайды және ол жатақханамен толық қамтамасыз етілген. 2017 жылы мектеп бітірген 564 оқушының 216-сы жоғары, 333-і арнаулы оқу орындарында білім алуда. Олардың 30-ы мемлекеттік грантпен түскендер.

Төртінші бастамаға, кәсіпкерлікке қатысты айтсақ 419 адамға 1 млрд.теңгенің үстінде несие беріліп, өз істерін ашты. Бесінші бастама бойынша Азғыр өңіріне газ тарту жұмыстары жүріп жатырғанын облыс басшысы жаңа атап өтті. Мұндағы 7500 тұрғын табиғи газбен қамтылатын болады, -деді.

Сөйлеушілерден аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмақай Ғұмаров, Еңбекші ауылдық округінің әкімі Қанат Ғаббасов, ардагер ұстаз Шайхатолла Жәлелов Елбасы бастамаларына қолдау білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT