Өлке тарихы әбден екшелуі тиіс

(0 Votes)

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» атты аудан энцеклопедиясын шығаруға орай аудан мектептеріндегі тарихшы мұғалімдермен пікір алмасу жиыны өтті.

Кітаптың шығарушы редакторы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы туған жердің тарихы, қасиетті орындары, мәдени ескерткіштері, осы өлкеде туылған тұлғалар жайлы қазірдің өзінде біраз мағлұматтар мен деректер жиналғанын айта келіп, осындай құндылықтарымыздың ұмыт қалған тұстарын анықтап, олқылықтардың орнын толтыру қажеттігін айтып, өскелең ұрпаққа жалпы Қазақстан тарихымен қатар, қалтарыста қалған өлкенің өткен-кеткенін жеткізуде пән мұғалімдерінің алар орыны ерекше екенін атап өтті. Осы мақсаттағы өз ойын Қазақстан журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров та білдірді.

Басқосуда пікірлерімен бөліскен тарихшы ұстаздар бұрынырақта шыққан тарихи энцеклопедиялық кітаптардың сарынында кетпей, нақты туған жерде лайықты ізі қалған тұлғалардың өмірдеректері енгізілуі қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ, кейініректе анықталған Шығай сұлтан ставкасы, Сағырбай қыстауы сияқты тек көнекөздердің жадында қалған тарихи маңызы бар орындар енгізілсе деген орынды пікір айтылды. Қазақ тарихына ғана қатысты құндылықтармен шектеліп қалмай, Кірдуан шіркеуі сияқты орыс ағайындардың мұралары ескерілуі тиістігі назарға берілді. Бір сөзбен айтқанда өлке тарихы әбден ешкеліп барып, қатталуы қажет деген ортақ шешімге ойысты.

Пікір алмасуды қорытындылаған Ө.Қажымғалиұлы сөз болған мәселелердің барлығы да ескерілетін айтып, аудандық білім бөлімінің әдіскері Айгүл Ахметжановаға жергілікті атаулардың шығу тарихымен өлкетанысу ісімен айналысатын мұғалімдердің еңбектері мен ұсыныстарын жинақтау тапсырылды.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT