Шілде айының екінші жексенбісі ресми болмасада балықшылар арасында кәсіби мереке ретінде атап өтіледі. Бұл кеңестік кезеңнен қалған дәстүр, ал оның озығы да, тозығы да бары белгілі.
Дейтұрғанмен мұндай мұзбалақ балықшылардың мерейін тасытар мереке Одақтың шекпенінен шыққан достастық елдерінің бірқатарында бар. Қалай болғанда да балық аулау науқанын аяқтап, «ескегін кептіруге» қоятын кезеңнің балықшылар үшін орны ерекше. Сондай-ақ, кейінгі уақыттағы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар Министрлігінің бұйрығымен әр жылдың 1 шілдесінен келер жылдың 1 шілдесіне дейін жаңа балық аулау лимиті тағайындалуы да мұны еселей түсетіндей.
Осы орайда аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Руслан Сәуменовті әңгімеге тартып, лимиттің орындалысы жайлы сұраған болатынбыз.
– Биылғы балық аулау науқаны коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмауға байланысты тиісті талаптар мен шектеулерді орындай отырып өз деңгейінде жүргізілді. Қатысқан 6 табиғат пайдаланушы шаруашылық субъектілері Қиғаш өзені мен Каспий теңізінен аулауды ұйымдастырды. Белгіленген жылдық 5171 тонна балық аулау квотасының нақты 5065 тоннасы ауланды, лимит 98 пайызға орындалды. «Амангелді атындағы» ӨК 910, «Каспий-Балық» ӨК 2462, «Тілекші» ЖШС 539, «Каспий Таңы» ӨК 446, «Ш.Сүлейменов» ЖШС 332 тонна балық аулап, лимитті 100 пайызға орындауға қол жеткізді. Тек «Сәрсенбаев Е» ШҚ ғана 482 тоннаның орнына 376 тонна балық аулап, бөлінген квотаның 78 пайызын орындады. 2021 жылдың 6 айында ауланған су маржандарының 2923 тоннасы, нақтылап кетер болсақ, 619 тоннасы Украинаға, 80 тоннасы Грузияға, 2210 тоннасы Ресей Федерациясына, 14 тоннасы Израиль мемлекетіне экспортқа шығарылды. Балық-байлығымыз шет елдерге еуростандартқа сай мұздатылған, салқындатылған, қатырылған, кептірілген күйінде өңделіп жөнелтілді, - деген сала басшысы мұнымен табиғат пайдаланушылардың ырғақты жұмысы тоқтамайтынын, алдағы үш ай көлемінде шабақ құтқару жұмыстарымен айналысатындықтарын қаперге берді.
А.МЕЙІРМАН