ХХІ ғасыр - ақпараттың заманы.
Қазіргі таңда санамызды жаулап алған ғаламтор деген алып желі бала тұрмақ үлкеннің де бар ермегіне айналып кеткен. Кейбір ата-ана бала тәрбиелеу жұмысына бас қатырмай, уақытша тыныштық үшін оны толықтай ғаламторға тапсырған. Ал баланың алғашқы даму кезінде компьютердің ойнайтын рөлі зор болуы сан соқтырмай ма?
Өкініштісі, компьютер ойындары мен әртүрлі әлеуметтік желілердегі қатаң, жағымсыз әрекеттер бесіктен белі шықпаған баланы қандықол қылмыскерлікке, әккі алаяқтыққа итермелеп қана қоймай, өзіне қол жұмсауға да апарып жүр. Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік желі мен түрлі діни экстремистік радикалистік бағытта насихат жүргізетін сайттар жасөспірімдердің миын улап жатқаны жасырын емес. Ең күрделісі, ауырған адамнан гөрі, ғаламтор тәуелділігіне шалдыққан «науқасты» емдеу әлдеқайда қиын.
Ал компьютердің бала денсаулығына зияндылығын айтпағанда, сабақ үлгеріміне де айтарлықтай кері әсерін тигізетіні дәлелденген. Мамандардың айтуынша, көбіне виртуалды әлемнің «тұтқыны» атанатын 6-9 сынып оқушылары, яғни 12-16 жас шамасындағы балғындар. Жеткіншектердің демалыстары дұрыс ұйымдастырылмайтындықтан олар еріксіз компьютерлік клубтар мен әлеуметтік желінің «құрбаны» болуда.Соның нәтижесінде иммунитеттің әлсіреуі, психикалық нерв жүйесінің бұзуылуы жиілеуде. Яғни, ұйқысыздық, тез шаршау, жүйкенің жұқаруы күйзеліске ұшыратары анық. Компьютердің алдында көп отырудың кесірінен жасөспірімнің қалшылдап ұстамасы ұстаған жағдайлар да кездесуде.
Ендеше әрбір ата-ана баласының болашағын бүгіннен бастап ойлағаны абзал. Ақпаратты пайдаланған күннің өзінде де, зиянын да басты назарда ұстап, қолдану шектеуі болуы шарт. Немесе, оны баланың қызықтыратын, логикалық ойлау жүйесін дамытатын нәрселермен алмастыру керек.
Арайгүл Рахметқызы,
Әбу Сәрсенбаев атындағы жалпы орта мектебінің педагог-психологі