С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Мейірім мен ізгілік жолында» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Шараны Рүстем Тоқаев пен Жазира Сәрсенғалиева жүргізді.
Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков мерекемен құттықтап: – Қиын жағдайға тап болған жандардан көмегін аямай, инабатты түрде қызмет көрсететін тәжірибелі қызметкерлер арамызда отыр. Бүгін сіздерге айтылып жатқан тілектер мен көрсетіліп жатқан құрметке лайықтысыздар. Жалпы ауданымызда әлеуметтік сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, жасалған қолдаулар бар. Соның бірін атап өтетін болсақ 2017 жылы қиын жағдайға тап болған балаларға арналған оңалту орталығы ашылған болатын, ол биыл жаңа ғимаратқа көшті. Күні бүгін аталған орталықта 26 бала тәрбиеленсе, 32 балаға үйден қызмет көрсетілуде, одан бөлек 107 адам қызмет алуда. Аталған орталық өздеріңіз білесіздер үлкен материалдық-техникалық базалық жаңарудан өтті. Тізім бойынша 200-ге жуық қызмет алушы балаларымыздың денсаулығын оңалту, ойлау қабілетін жақсарту мақсатында медициналық тұрғыдан қажетті құрал-жабдықтармен қамтылды. Өткен жылдың қараша айында ауданымызда Отбасын қолдау орталығы ашылғаны өздеріңізге жақсы мәлім.

Оған күні бүгінге дейін 100-дің үстінде өтініштер түсіп, соның 98 пайызы қанағаттандырылды. Мұның барлығы әлеуметтік салада мемлекет тарапынан жасалып жатқан оңды істер екенін атап өткім келеді, – деп сала қызметкерлеріне амандық, отбастарына жақсылық тілеп, сала ардагері Маргарита Нажимованы «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбелгісімен, әлеуметтік сала қызметкерлері Дина Зарипова, Софья Ахметқалиеваны облыс әкімінің, 14 адамды аудан әкімінің Алғыс хатымен ұлықтады. Осы салада ұзақ жылдар абыройлы қызмет атқарған Гүлнар Мырзалықызына, Базарбай Өтеуліұлына, Гүлжиян Тілешқызына естелік сыйлықтар ұсынылды.


Өз тараптарынан марапаттауды аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжаннат Қалиева, «Amanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ерлан Хисметуллин жалғастырып, жиырма шақты адамның мерейін өсірді.

Сала ардагерлері атынан Базарбай Өтеулиев сөйлеп, қиындығы мол әлеуметтік қызметте халық көңілінен шығып жүрген әріптестеріне, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Салтанатты шарада аудан өнерпаздары да қарап қалмады, Ақкөл ауылдық мәдениет үйі жанындағы «Илигай» би тобы, әлеуметтік қызмет алушы Нұрай Жаңбырбай, әншілер Болат Бидоллаев, Толыбай Қажыгереев, Жандос Нұреденов, Заманбек Медіханов, Гүлзада Тілегенқызы, күйші Ерболат Хайроллаевтың өнерлері көрермен көңілінен шықты.
Қанат ҒҰМАРОВ

