Әлеуметтік нысандарға партиялық бақылау жасалды

(0 Votes)
«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Ақынжан Хұсайынов пен Болатбек Өтегенов партиялық бақылауда тұрған Кадырка ауылындағы  60 пәтерлік үй, РТС ауылындағы «Жайлы мектеп» жобасымен салынып 600 орындық мектеп, орталық стадион құрылысында болып, жұмыс барысына қанықты.

Үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үйдің тапсырыс берушісі Атырау облыстық құрылыс басқармасы. Инвесторы «НКОК.Н.В» компаниясы, мердігер «Век и Ко» ЖШС. Техникалық қадағалаушы Қайрат Юсуповтың айтуынша жұмыс кесте бойынша жүруде. Құрылыс материалдары жеткілікті, кідіріс жоқ. Плита – Атырау, ұлутас – Бейнеу, кірпіш – Ақтөбе қаласынан әкелінуде. Өткен аптада көргенімізде мектептің екінші қабаты өріліп жатқан. Ілгерілеу бар, енді, үшінші қабаттың құрылысы басталып кетіпті. Ал, төменгі екі қабатында сылақ, электр желісін тарту  жұмыстары қарқын алған. Құрылысқа  2 кран, 1 тиегіш техника, 60 адам тартылған. 
«Samruk Kazyna Construktion» АҚ «Жайлы мектеп» жобасымен РТС ауылында салдырып жатқан  600 орындық  мектептің құрылыс жұмысы да екпін қосыпты. Бас мердігер «Каспий Құрылыс ЛТД» ЖШС. Осындағы  құрылыс шебері Жеткіншек Ерғалиев бізбен әңгімесінде  монолит жұмыстары – 87%, жертөле сылағы – 90%, басқа жұмыстар - 68%-ға орындалып отырғанын жеткізді. Материал тапшылығы жоқ. Қазіргі күні құрылыс басында 64 адам, бір  кран, екі эксковатор, үш  миксер, помпа насостар жұмыс жасауда. Бір апта бұрын келгенімізде суды автокөлікпен тасып отырғандарын естігенбіз. Енді, ол мәселе насос қою арқылы шешіліпті.

Орталық стадион құрылысының сырты толығымен біте келіпті. Ішкі жұмыстары басталған. Ауласына құрылысқа қажетті материалдар  әкелініп қойылған. Мұндағы жұмысшылар ПМК ауылындағы оңалту орталығы құрылысында жүргендіктен толық ақпарат алуға мүмкіндік болмады. Көзбен көрумен шектелдік.
 
 

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT