Аудан әкімдігінде Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексі және әлеуметтік қолдау шаралары шеңберіндегі өзгерістерге түсінік беруге арналған кең көлемде жиын өтті.
Оған Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мамбетов, ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, мансап орталығының басшылары, зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының, мекемелердің әлеуметтік салаға жауапты мамандары қатысты. Аталған жиынды аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев жүргізді.
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік Кодексі және әлеуметтік қолдау шаралары шеңберіндегі өзгерістерге тоқталған Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Саматұлы биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап бұрынғы 18 заң бір жүйеге біріктірілгенін атап өтті.
– Өзгерістерге қысқаша тоқталсақ, бала күтімі үшін төленетін әлеуметтік төлем 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылды. Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырғаны үшін төленетін қаржы облыс әкімі Серік Шәпкеновтің тапсырмасымен келесі жылы қаңтардан бастап 2 есеге көбейеді. 2024 жылдан бастап мүгедектігі бар балаларға 1 мамырда, Конституция, Республика күндерінде, яғни, 3 рет 25878 теңгеден төленетін болады. Конституция күнінде барлық санаттағы мүгедектігі бар адамдарға 50 мың теңгеден беріледі. Аутизммен ауыратын балалар санаторийлерде тегін емделеді. Қасына еретін ата-анасы шығынының 70%-ын бюджет өтейді. Сол сияқты келесі жылы инвотакси «Яиндекс» жүйесіне қосылады. Енді, мүгедектігі бар адамдар оларды диспетчер арқылы шақырта алады. Тағы бір айта кететін жайт, бұған дейін мүгедектігі бар адамдардың көмекшісі ретінде әйелі тағайындалып, оларға ақша төленді. Биылғы жылдың 1 шілдесінде бұл өзгерді, енді көмекшісі басқа адамдар болуы тиіс. Бұл 1 шілдеге дейінгі әйелдерге жүрмейді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған тапсырмаға орай «Цифрлық отбасы» картасы жасалып, әлеуметтік төлемдердің бәрі соған енгізіледі. 2025 жылдан бастап барлық сала түгелдей осыған көшеді. Аталған жүйе мемлекет пен жәй халықтың арасындағы хабарламашы болады. Қазір 19 млн адамның мәліметтері бар. «Цифрлық отбасы» картасының тиімділігі сізге тиесілі әлеуметтік төлем автоматты түрде келіп тұрады. Бұрынғыдай мекемелерге барып жүрмейсіз. Себебі, сіз туралы барлық мәліметтер онда тұрады. «Иә», деп келісім берсеңіз болды, тағайындалады. Бүгінге дейін 9 әлеуметтік төлем енгізіліп отыр. Алға қарай банктер де кіреді. ТМД бойынша мұндай жүйе жоқ. Өзбекстан бізге келіп үлгісін алуда, – деген А.Мамбетов жүйеге көшу барысында мектептке бармайтын балалар анықталғанын айтып, басқа да өзгерістерді баян етіп, Атырауда 150 орындық Балаларды оңалту орталығы салынып жатқанын, 2025 жылы пайдалануға берілетінін жеткізді.
Орлы, Ақкөл ауылдық округінің әкімдері Жандос Бектеміров пен Әлімбай Әбдірахман мердігер мекемелер жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмайтынын, аз ақша төлеп, шамалы адаммен атқаратындарын, қоғамдық ақылы қызметте жүргендерді 11 айдан кейін шығарып тастағанда оларда басқа табыс көзі жоқтығын алға тартты. Мысалы, газет тарату үшін ақылы қызметтен екі адамды өздері ұстауда. «Қазпошта» АҚ штатта бөлмейді, жарты жалақыға жұмыс жасап жүрген өз қызметкерлерінің еңбекақысын да көтермейді.
Мемлекеттік қызметтің ардагері Базарбай Өтеулиев мердігермен келісімшартта жергілікті жерден осындай адам алынады деп көрсетілмейтіндігіне қынжылыс білдірді. Айтуынша, жұмыссыз жүргендердің 49 пайызының мамандығы болмағандықтан ақылы қоғамдық жұмысты тыйып тастаса олардың барар жер, басар тауы жоқ.
Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мамбетов жасалатын жұмыстың сметасында жергілікті жерден қанша адам алатыны емес, жұмыс күші мен техника саны көрсетілетіндіктен мұны жергілікті әкімдер өздері ұйымдастыруы қажеттігін, Құрманғазы ауданында ешқандай өндіріс орны болмағандықтан ақылы қоғамдық жұмысты қалдырып отырғанын қаперге берді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлыбек Ғаділханұлы жиынды қорытындылап, орталарына келіп кеңірек түсінік бергені үшін ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ