Әлемге танымал басшы

(0 Votes)

«Қазақстан», десе «Назарбаев» есімі қосыла айтылады» деген сөздің жаны бар. Әлем Тәуелсіз Қазақстан Республикасын осы есіммен таныды десем қателеспеспін. Өйткені жас мемлекетіміздің барлық бастамаларының басында Нұрсұлтан Әбішұлы тұрды. 27 жылдан аса уақытта Елбасымыздың қабылдаған бағдарламаларының арқасында қаншама жаңа мектептер, ауруханалар, өндіріс орындары салынғаны өздеріңізге белгілі. Сыртқы саясатта да бейбітшілік бағытын таңдағанымыз беделімізді асқақтатты.

Басқа елдерде бұған дейін болмаған әлемдік діндердің съезі біздің Астанада өтті. Түрлі дінді ұстанғандардың басын қосып, дінаралық дүрдараздыққа жол бермеуге шақыру Нұрсұлтан Әбішұлының жаһандық ауқымда ойлай алатын қайраткер екенін танытты. ТМД елдері ішінен ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесін өткізуге де біз таңдалдық. Қазақстан Республикасы көреген саясаткер, көшбасшылық қасиеттерін кезінде «темір леди» атанған Маргарэт Тэтчер, АҚШ, Ресей президенттері Барак Обама, Владимир Путин және басқа да елдердің басшылары дөп басып мойындады. Бұл біз үшін мақтаныш. «Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік», - дейді Тұңғыш Президентіміз өз мәлімдемесінде. Бүгінде Қазақстанның кейбір елдердей айналасындағы көршілерімен шекаралық дауы жоқ.

Біз Ресеймен шектес жатырмыз. Түрлі шараларда, мерекелерде, Наурыз тойында осы елден қонақтар келеді. Сонда олар Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанған саясатын жоғары бағалап жатады. Мұның Ресеймен ежелден іргелес жатқан біздің аудан үшін маңызы зор. Өйткені ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалар бойынша мүйізді ірі қараны осы елден тасимыз. Астрахань облысының Харабали, Красный Яр, Володар, Нариманов аудандарымен тығыз достық байланыстамыз. Ауданымыз да көп өзгерді. Одақ тұсында өңіміз түгілі түсімізге кірмеген игіліктерге қол жеткіздік. Көгілдір отын, таза ауыз су келді. Тіпті шалғайдағы Азғыр өңіріне де газ желісі барды. Бүгін біз барлық жетістіктерге Тұңғыш Президентіміздің бастауымен жеттік деп мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан сыртқа саясатта бейбітшілік сүйгіш, ішкі саясатта өзара татулыққа негізделген бағытынан танбайды. Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі», - деп президент міндетін уақытша атқаруды Қасым Жомарт Тоқаевқа жүктеп отыр. Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, ол бізбен бірге қала береді. Елбасымыз салған сара жолмен алға басып, отыз елдің қатарынан табылайық.

Қанат Ғаббасов,

мемлекеттік қызметтің ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT