Бұл есім жалпақ жұртшылыққа кеңінен таныс. Кіндік қаны Дыңғызыл топырағында тамып, балалық шағы кең Нарынның Айбас құмында өтті. Күй анасы Дина мен даланың дарынды домбырашылары Игібай мен тесік тамақ Сабырдың алдын көріп, тәлімін түйді.
Құрманғазы атындағы консерваториясын халық аспаптар факультетінде оқып жүріп, 1957 жылы Мәскеуде өткен VI халықаралық жастар мен студенттердің фестивалінде алтын медаль иеленді. Жамбыл атындағы филармонияда, «Қазақконцертте» домбырашы-солисі болып, Германия, Франция, Чехословакия, АҚШ, Алжир, Қытай, Моңғолия сияқты көптеген шет мемлекеттердің сахнасында өнер көрсетті.
1962 жылы Құрманғазы атындағы консерваторияға ұстаздық қызметке ауысып, Қ.Ахмедияр, А.Жайымов, А.Үлкенбаева, Қ.Қожабаев, У.Ғұбайдуллин сынды әлемге әйгілі өнер тарландарын тәрбиелеп шығарып, өнер әлеміне жолдама берді. Ұзақ жылғы ұстаздық қызметі лайықты бағаланып, 1998 жылы профессорлық дәрежеге дейін көтерілді. 2000-ыншы жылдардың басында туған Атырауына оралып, еңбек жолын Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында, Атырау музыка колледжінде жалғастырды. Сонымен қатар, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияда қызмет етті. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» ордені мен «Озық еңбегі үшін», «Аса үздік еңбегі үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарының иегері. Атырау облысының, Құрманғазы және Исатай аудандарының құрметті азаматы.
Осындай өнегелі жолдардан өткен тамаша дарын иесінің туғанына 90 жыл толуына орай Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінде «Әлемге әйгілі Әзидолла» атты портреттік кеш өткізілді. Белгілі өнерпаз Гүлзада Жұмалиева жүргізген мәдени шара домбырашы жайлы түсірілген бейнероликпен басталып, өмірдеректері жадыға берілді.
Дәстүрлі әншілер Руслан Исмағұлов, Құралай Құдиярова мағыналы термелер орындаса, Самат Саламатов күй төгілдірді. Көркемсөз шебері Рахат Абулхатов ақын Қ.Жылқышиевтің Әзекең – Әзидолла – әз-домбыра,
Сыпайы, сырбаздығын саздан сұра!
Саусағы суда – сүйрік, қырда - жүйрік,
Дес бермес дегендерге: «тозды-ау мұра», - болып өрілетін
«Әз-домбыра» өлеңін нақышына кетлтіріп оқыды. Осы кешке арнайы шақырыла тұрса да жер шалғайлығына орай келе алмаған күй-керуенде Әзекеңмен үзеңгілес жүрген күйші-домбырашы Шәміл Әбілтай әдемі естелігін арнап, шәкірті Нұрлан Түменбаев домбырада күй орындп экраннан сәлемдемелерін жолдады.
Шараның екінші бөлімінде Әзидолланың қарындасы, 40 жылға жуық мұғалімдік қызмет атқарған ардагер ұстаз, Алтынсарин төсбелгісінің, Қазақстан Республикасы Құрмет грамотасының иегері Зоя Есқалиева құрметпен сахна төріне шақырылды.
Кеш қонағымен Әзекеңнің адами асыл қасиеттері, танымал тұлғаның былайғы өмірдегі болмыс-бітімі, жұрт біле бермейтін қылықтары, қызықты оқиғалар төңірегінде сыр-сұхбат жүргізілді. Емен-жарқын әңгіме барысында дүлділ домбырашының сахнадан тыс өмірінің кейбір сәттеріне көрермендер қанық болды. – Ағамызды атақты адам деп естігенімізбен анда-санда елге келгенде көріп жүретінбіз. Ағайындардың үлкендер жағы, қасына ерген қонақтар бар дегендей жақын жүздесу біздейлерге бұйыра бермейтін. Баламыз ғой сонда да табалдырықта отырып-ақ өнерін тамашалауға құмартатынбыз. Алматыда оқығанымда үйіне сиректеу болса да барғаным бар. «Келіп тұрсайшы» деп құрақ ұшып жатады, бірақ ағамыздың үйінен елден барғаны, жолдас-жорасы бар дегендей қонақ арылмайды. Өте қонақжай адам болатын, ағама жеңгем сай дастарханы жыйылмайтын. Келгендердің бәріне пейілі мен тамағы дайын тұрады. Көп адам біле бермейтін қылығы дегенде менің ойыма мына кез есім түседі. Онда да студент шағым, ағамның үйінің подъезіне кіре бергенімде астыңғы жертөле жақтан бір үлкен табақ ет көтерген жеңгем Жаңылсын шыға келмесі бар ма. Аңтарылып қалғанымды бірден түсінді ғой деймін «ағаң подвалда қой сойып жатыр, болып қалды, дөп келдің қазір ет жейміз» деп үйге бастады. Кейін білсем, ағамыз уақ жандықтарды осылай өзі жайғай береді екен. Әдетте өнер адамына тән өте паң, кірпияздау көрінетін ағамның екі білекті сыбанып қой сойып жатқанын көріп таң қалғаным бар. Ол кісі жайлы біраз адамдар жазды, сыпайы, жымиып қана күлетін, көп ашылып сөйлеуді білмейтін біртоға мінезді жан еді, - деген Зоя Қоңқашқызы басқа да қызықты жайттар туралы әңгіме қозғап, соңында ауылдық кітапханаға өзінің құрастыруымен шыққан «Алыстап кеткен асылдар» атты кітапты табыстады.
Шараға қатысып отырған ақын-журналист Таңатар Дәрелұлы Әзекеңдей әйгілі адамды жас ұрпаққа таныту мақсатында тағылымды танымдық кеш ұйымдастырып жатқан Жаңаталап ауылдық клубының директоры Болат Бидоллаевқа үлкен ризашылығын білдірді.
Айбек НӘЖІМОВ