Әлем чемпионын қошеметпен қарсылады

(0 Votes)

Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өткен болатын. Оған жұмыр жер шарының бірнеше елінен жүздеген спортшылар қатысып, әртүрлі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жерлесіміз Ерсейіт Бралин 100 келі салмақ дәрежесінде бағы жанып, қарсыластарынан оқ бойы озып, алтыннан алқа тақты.

 Ауданымыздың ғана емес, Қазақстанның намысын қорғап, әлем чемпионы атанды. Әрине, жеңіс оңай келмейді. Оның артында төккен тер, тынымсыз жаттығулардың тұрғаны анық. Көрсетілген сенімді ақтап еліміздің мерейін асқақтатты. Жеңімпазды 7-ші бекет тұсында аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдаров бастаған ұжымдастары, аудан өнперпаздары, ауыл тұрғындары, туыстары, отбасы мен достары құрметпен қарсылады. Көк байрақтарымыз желбіреп, ақ пен бауырсақ ұсынылды. Чемпионмен төс қағыса көрісіп құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Амангелді Хайдарұлы: – Бүгін бәріміз үшін ақ түйенің қарны жарылған қуанышты күн. Жерлесіміз Ерсейіт әлем чемпионатына қатысып, жүлдемен ортамызға оралып жатыр. Біз сізді жақсы білеміз. Бұған дейін де жарыстарға қатысып чемпион болып жүрсіз. Алар асуыңыз, шығар биігіңіз көбейсін! Осы бағытыңыздан таймай Құрманғазы ауданының атын шығара беріңіз. Әкімшіліктен, ауылдастарыңыз, достарыңыз бәріміз қолдау білдіріп, қуанышыңызды бөліскелі келіп тұрмыз, – деген ізгі тілегін жеткізді. Келесі кезекте аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің ұжымы әріптестері Ерсейіт Бралинге ақ пен бауырсақ ұсынып, қызыл төсенішпен жүргізіп құрметтеді. Әлем чемпионы Ерсейіт Бралин бізбен әңгімесінде: – Пауэрлифтингтен Бішкек қаласында өткен әлем чемпионатына 10-ға жуық елден 800-дей спортшы қатысты.Өзім 100 келілік салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атандым. Міне, бүгін елге келіп жатырмын. Осылай қарсылап жатқан аудан басшыларына, ауылдастарыма, аға-інілеріме үлкен рахмет айтамын. Қазақ елінің көк туы әлем төрінде желбірей берсін,– деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521