Өлеңі – тағдырының сыйы

(0 Votes)

Аудандық орталық кітапханада әсем атауына көркі сай Көптоғайын, ару Қиғашын, жалпы туған жерін жырына арқау еткен ақын, ардагер ұстаз Рахмет Ниетқалиевтің 85 жасқа толуына орай «Өлеңім, тағдырымның сыйы болдың..» атты кездесу кеші өткізілді.

Рахмет Томарғалиұлы теңіз топырағының төл тумасы. Аудандағы Крупская атындағы орта мектепті тәмамдаған соң колхозда автокөлік жүргізушісі  болып еңбек жолын бастады. Әрдайым білуге құштар жүретін жас Шымкент қаласынан киномеханиктік курсты меңгеріп келіп, ауыл еңбеккерлерін мәдени бағытта қамтуға атсалысты. Гурьев педагогикалық институтының тарих факультетіне сырттай оқуға түсіп мұғалімдік жұмысқа бет бұрды. Өңірдегі Калинин, кейіннен Мұқанов атындағы мектепте зейнеткерлікке шыққанға дейін шәкірттеріне тарих пәнінен дәріс берді. Төл мамандығымен қатар қолына қалам алып, ауыл өмірінің жаңалықтарын, ұрпақ тәрбиесі, білім саласындағы өзіндік ойларын мерзімдік басылымдарға ерінбей шығарып отырған белсенді тілші болды. Ақындық өнермен әуестеніп әр жылдардағы көңіл толқынысынан туындағы жырларын жинақтап «Көптоғай – алтын бесігім», «Ақ Қиғашым – әз анам», «Өмір кезеңдері», «Өлең – өмір өзегі» кітаптарын шығарды.

«Ақынын ардақтаған ел озады» деп сөз бастаған шараның жүргізушісі Меңдісұлу Мұхамбетова мерейгер мен оның құрдасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлын құрметпен сахна төріне шақырды. Үлкен экраннан тақырыпқа сай бейнесюжеттер беріліп, жырсүйер балғындар ақынның «Тәуелсіз елге қош келдің», «Астана», «Қиғашым», «Туған жер» және «Мәңгі жастық жыршысы» атты жырларын мәнерлеп оқыды. Үстіміздегі жылы «Атырау-Ақпарат» баспаханасынан жарық көрген «Өлең – өмір өзегі» кітабының тұсаукесеріне кезек беріліп, аудандық орталық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова жаңа туындыға  библиргафиялық шолу жасады.

shara-nietaliev

Бұл кітапта ардагер ұстаз өмір өткелдерінен сыр шерте отырып, жастарды отаншылдыққа, білімқұмарлыққа, адамгершілікке үндейді. Оның өлеңдерінде болашаққа деген іңкәрлік, өмірсүйгіштік айқын көрінеді. Әдебиетсүйер қалың көпшілікке арналған туынды «Ой түбіне бойласам»,  «Арнау жырлар», «Мақалалар. Жолжазбалар. Әңгімелер» деген үш бөлімнен тұрады. Тұсау кесу рәсімін өмірде үзеңгілес келе жатқан Өмірзақ Қажымғалиұлы, сыныптасы Зәуре Лұқпанова, сарыаяқтас інісі, журналист Жұмақай Мұғалұлы мен туысы Қуаныш Шмидтұлы жасап, жаңа кітапқа лебіздерін білдірді.

s

n

Бұдан басқа шара барысында ақындар Таңатар Дәрелұлы, Нұрлығайын Нұғыманұлы, мерейгердің қызы Гүлзада Ниетқалиева және Мұқанов атындағы орта мектептің директоры Күнсұлу Сүйінова, аудандық орталықтандырылан кітапхана жүйесінің директоры Анар Мусиналар сөз сөйледі. Соңынан құрметтің иегері Рахмет Томарғалиұлы да бір-екі ауыз тілегін жеткізді.

n

n

 

Айбек ӘНУАРҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521