«Британдық Кеңестің ағылшын тілі мұғалімдері үшін алғаш рет ұйымдастырған «Ағылшын тіліндегі үздік бейне сабақ» байқауында атыраулық мұғалімдер топ жарды», - деп хабарлайды облыстық Білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Байқау «English for Success» (Ағылшын тілімен жетістікке жету) жобасы аясында Атырау және Маңғыстау облыстарының білім басқармаларымен және «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен өткізілген. Финалға жеткен 30 қатысушының 12-сі ауыл мұғалімі. Солардың арасынан облыс бойынша Ұлдана Наурызбаева жүлделі бірінші орынға ие болса, екінші орындармен Инга Құдайберген және Жанар Бақтыгереева еншілесе, үшінші орынға Әсел Халықберген ие болды. Олар жеке сабақтар түрінде қосымша, тереңірек білім алып, ауылдық жерлерде интернетке қосылуға байланысты қиындықтарға қарамастан табандылық пен жеңіске деген жігерлерін көрсете білді. Жеңімпаз Ұлдана Наурызбаеваның айтуынша, бұл байқау ¬¬¬- қашықтықтан сабақ беру үшін де, дәстүрлі сыныпта оқыту үшін де пайдалы болмақ. «Алғашында біз ұлыбританиялық сарапшы, Уорвик университетінің қолданбалы лингвистика орталығының директоры Пенни Мозавиан өткізген онлайн-тренингке қатыстық. Тренинг аяқталғаннан кейін мұғалімдерге өз сабақтарын құруға және Британдық Кеңестің Қазақстанда ағылшын тілі мұғалімдері үшін алғаш рет ұйымдастырған «Ағылшын тіліндегі үздік бейне сабақ» байқауына қатысуға ұсыныс жасалды», - деп атап өтті Ұлдана Наурызбаева.
Айта кетейік, аталған байқау - ҚР Білім және ғылым министрлігінің сапалы бейне сабақтарын құру, жобаны қаржыландырудың географиялық шекараларын кеңейту және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мұғалімдерге қолдау көрсету бастамасын қолдауға бағытталған.