С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде өткен жиналыста күн тәртібіне сәйкес екі мәселе Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін талқылау және Ганюшкин ауылдық округі атынан сайланған депутаттар Б.Жүгінісов, Г.Мүтиева, Л.Өмірзақованың халық алдында сайлауалды бағдарламаларының орындалысы туралы есебі тыңдалды.
Алдымен баяндама жасау үшін сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ж.Жанханов: - «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде халықтың жағдайы төмен топтары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, жалақысы төмен қызметкерлер үшін салықты азайту, қазақстандық білім беру жүйесінде оңды ілгерілеуді ынталандыруға бағытталған жоғары білім сапасы мен қолжетімділігін арттыру, елдің орталық және солтүстік өңірлеріндегі экологиялық жағдайды жақсарту мен дамытуға бағытталған газдандыруды жалғастыру сынды әлеуметтік маңызы бар мәселелерге мән берді. Жалпы, Мемлекет басшысы Үндеуіндегі «Бес әлеуметтік бастама» сынды әлеуеті зор әлеуметтік жобаны жүзеге асыру еліміздің болашағын жарқын істерге, игі жақсылықтарға бастайды. Мұндай зор міндетке баршамыз тек бір атаның баласындай тату және ынтымақты болғанда ғана қол жеткіземіз. Елбасы осы маңызды бастамалардың жүзеге асырылуын қадағалауды «Нұр Отан» партиясына табыстады. Президент тапсырмасы партия жұмысының алдағы уақыттағы негізгі міндеті болады. Осыған орай, партияның аудандық филиалы тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер туралы ақпаратты толыққанды жеткізуді назарда ұстайды. Өйткені, олар осы жоба аясында жұртшылыққа сапалы әрі қолжетімді білім, баспана, өз кәсібін ашуға несие алатынын білуі тиіс, - деді.
Келесі кезекте Үндеуге қатысты пікір білдірген Ганюшкин ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Жармұхамбетов: - Жалпы, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы – халықтың әл-ауқатын жақсарта түсудің тиімді жолы. Президент мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін көтеру арқылы елдің тұрақтылығын одан әрі дамытуды айқындап отыр. Ендеше бес әлеуметтік бастама алдағы уақытта халықтың игілігіне айналатын ұтымды жобалар. Өйткені ел табысын еселеуге, тұрмысын жаңғыртуға бағытталған жобалар арқылы жаңа жұмыс орындары ашылады, шағын және орта бизнес дамиды. Елбасының бес әлеуметтік бастамасы халқымыздың заман ағымына сай лайықты өмір сүруіне мүмкіндік береді, - деп көпшіліктің ортақ тұжырымын жеткізіп, Үндеуде айтылған бастамаларды толықтай орындау үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, қоян-қолтық бірлесе еңбек ету қажеттілігі жөнінде түйін жасады.
Аудандық мәслихат хатшысы, №4 Кіші Ганюшкин сайлау округінің депутаты Болат Жүгінісов мәслихат қызметінің тірегі – тұрақты комиссиялар, нәтижелі істерге бастайтын депутаттық сауалдар, белсенді халық қалаулыларының тұрғындарға көрсеткен қамқорлығы, өзінің сайлауалды бағдарламасында жасалған жұмыстар жөнінде хабардар етті.
№5 Механизатор сайлау округінің депутаты Гүлсара Мүтиева тұрғындардың денсаулығын жақсарту, оның ішінде әйел-аналар мен балалардың денсаулығын қорғау, ана өлімін болдырмау, сәби өлімін азайту шараларын алу, диспансерлік есептегі науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, аудан көлемінде дәрігерлердің рөлін арттыру, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің халыққа сапалы қызмет көрсетуін назарда ұстау, т.б. бағытында атқарылған шаралар және шешімін таппай тұрған мәселелерді ортаға салды.
Ганюшкин ауылдық округінің тұрғыны Бақтығали Еселбаев жедел жәрдем бөлімінің орта буын қызметкерлері тарапынан кететін кейбір кемшіліктерді атап, тегін дәрі-дәрмекпен қамту жыл басында үнемі кешігетініне сын айтты. Дәрігер мамандардың тапшылығы жөнінде сөз қозғап, ауданымыздың медицина саласындағы кейбір көкейкесті мәселелеріне тоқталды.
Аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары О.Құмарғалиев соңғы кездері ақ халатты жандарға деген құрметтің азайып кеткенін тілге тиек етсе, Қ.Жармұхамбетов емханада тұрғындармен қарым-қатынас жасауды білмейтін, сапалы медициналық көмегін көрсетпейтін дәрігерлердің кездесетінін жасырмады.
№3 Үлкен Ганюшкин сайлау округінің депутаты Линда Өмірзақова сайлауалды бағдарламасының орындалысы туралы есеп беріп, жастар мәселесіне қатысты жүргізілген шараларды қаперледі. Соңында «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының төрағасы Ж.Жанханов жиналысты қорытындылап, қаулы жобасымен таныстырды.
А.ШАКУПОВА.