Ұлағатты ұстазды ұлықтаған турнир

(0 Votes)

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Еңбекші орта мектебінің алғашқы директоры, «Қазақ КСР Білім беру ісінің үздігі» Теміржан Жүгінісов атындағы мектеп оқушылары арасындағы дәстүрлі  шахмат турнирі ұйымдастырылды. Турнирге жеті мектептен 18 оқушы қатысты.

Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Өмірзақ Қажымғалиев Т.Жүгінісовтің  елге сыйлы айтулы азамат болғанын жеткізсе, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, ақын Таңатар Дәрелұлы әкесіне ас бергендер көп екенін, алайда ұлы Болат сынды 19 жыл қатарынан шахмат турнирін  өткізу  екінің бірінің қолынан келмейтінін айтып, қатысушыларға  сәттілік тіледі.

Мемлекеттік қызметтің ардагері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қанат Ғаббасов:– Теміржан ағамыз 1977 жылы Еңбекші орта мектебіне директор болды. Мен ол кезде 22 жастамын. Мектептің қалыптасып кетуіне  зор еңбек сіңірді. Ұйымдастыру жұмыстарына шебер, ешкімге қатты келмейтін, мінезі жайлы, өте жақсы адам еді. Қатысып отырған жастарға айтарым Қазақстан Республикасының үлкен шахматшысы болыңыздар, – деп, шараны ұйымдастырған ұрпақтарына ризашылығын білдірді. Еңбекші орта мектебінің директоры Айбек Өтепов Т.Жүгінісовтің шәкірттері бүгінде мектепте ұстаздық етіп жүргенін жеткізіп, бұл турнирді  облыстық көлемде өткізу қажет деген ұсынысын ортаға салды. Академик-жазушы  Өмірзақ  Қажымғалиұлы  20-шы турнир келесі жылы облыстық дәрежеде өтсін деп айтылған ұсынысқа қолдау көрсетті.

Ұрпақтары атынан сөйлеген Болат Жүгінісов: – Шахматты ақылдылар, ойшылдар, тапқырлар ойнайды. Осы турнирді  алғаш рет  ұйымдастырғанда қатысқандар ержетіп, талай мәрте ауданның, облыстың чемпионы болды. Сіздерге де соны тілеймін! Біз бір әкеден тараған  7 ағайынды, 4 ұл,3 қызбыз. Бүгінгі шараға анамыз бен туыстары да қатысып отыр. Турнирді ұйымдастыруға көмектескен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Зияда Сәдуақасқызына, аудандық орталықтандырылған кітапхананың басшысы Анар Нуриқызына ризашылығым шексіз. Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер. Жас шахматшыларға айтарым жеңісті жолдарыңыз жалғасын  тапсын, – деді.

Турнир қорытындысымен ер балалар арасында  І орынды Нұрхат Бақытжанұлы (Абай), ІІ және ІІІ орынды Жантілек Жеткіншеков (Ғ.Мүсірепов), Ерасыл Сергей (Абай) иеленді. Қыздар арасында І орынды Динара Амангелді (Абай) еншіледі. ІІ және ІІІ орында Гүлжайнар Уахит (Абай) пен Айкөркем Алекс (Мүсірепов). Жеңімпаздарды Болат Теміржанұлы мен туыстары атынан Жылыой ауданынан арнайы келген Кеңес Байсейітов ұлығылап, жеңісті жолдарың  жалғаса берсін деген тілектерін білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT