Құрманғазы ауданы аналар кеңесі мен аудандық кітапхана жанынан құрылған "Ұлағат" аналар мен балалардың кітап клубының кезекті отырысы өтті.
Шараны клуб жетекшісі Майра Ниетқалиқызы жүргізді. Кітап оқушылар конференциясында Роза Муханованың шығармалары талданды. Абай атындағы жалпы орта мектебіндегі топ мүшелері автордың "Мәңгілік бала бейне" әңгімесіне "Әдеби үйірме" әдісі бойынша ұстаздары Маржан Максимқызының ұйымдастыруымен оқушылар жоғарғы деңгейде талдау жасады. Жұмыс барысындағы баяндау, талдау, монолог оқу, мазмұнды сурет арқылы бейнелеу, өмірмен байланыстырылып зерттеу жұмысын жүргізу, кейіпкерлерге мінездеме беру жұмыстары сәтті шықты. Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің оқушылары да шығармаға егжей-тегжейлі тоқталды. Осы топтың мүшесі еңбек ардагері Талшын Мырзабекова автордың "Композитор" әңгімесіне талдау жасады.
Конференцияның ІІ бөлімінде "Ұлағат" кітап клубы өзінің жылдық жұмысын қорытындылап, топ жетекшісі Майра Ниетқалиқызы хабарлама жасады. Аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенқызы шараны қорытындылап топ мүшелері мен кеңес жұмысына белсенді қатысқан кітапхана ұжымы мүшелеріне алғыс хаттар табыстады.
Айнагүл Шакупова