«Атырау облысы Цифрландыру және архивтер басқармасының Атырау облысы мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Құрманғазы аудандық филиалында мәдениет саласының аудандағы мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, кітапханалар, жастар ресурстық орталығы басшылары мен мамандары қатысқан «Құжаттардың сақталуын ұйымдастыру, құндылығына сараптама жүргізу және нәтижелерін рәсімдеу тәртібі» тақырыбында аудандық семинар өтті.
Шараны аудандық архивтің басшысы Гүлжеміс Қалиева жүргізіп:
– Жұмысымызды оңтайландырып алғанымыз дұрыс деп сіздермен басқосу жасап, осы семинарды ашқалы отырмыз. Осылай жұмысымызды бір жүйеге салып алсақ, сіздерге де, біздерге де оңай тиеді. Архив мекемесі ауданда біреу ғана. Біз аудан көлемінде орналасқан барлық мекемелердің құжаттарын сақтаумен, насихаттаумен, келесі ұрпаққа жеткізумен айналысамыз. Оларды сөрелерде шаң-шаң етіп тастамай дымқылданбауына, бүлінбеуіне, ыстықпен қатырлап кеуіп кетпеуіне мүмкіндік жасаймыз. Сіздер мен біздердің артымызда ауданның 57 мың халқы тұр. Аудан әкімдігінен бастап барлық құжаттар бізде сақталатындықтан кейбір мекемелер 80 жыл бұрынғы құжаттарды да сұрап келеді. Қазір іште 200-ге жуық мекеменің 52 мың құжаты 161 қорда сақтаулы. 4 қоймамыз бар. 4 маманмен 19 округтегі 300-ге жуық мекемемен жұмыс жасап отырмыз, – деп архивке тапсырылатын құжаттардың жинақталуын, қалай дайындалатынын түсіндірді.
Аудандық архивтің архившісі Анаргүл Қапарова, Жансая Меңдіханқызы стиль номенклатурасы, құжаттарды тапсыруға қатысты ақпараттар берді. Келесі кезекте семинарға қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауаптар қайтарылды.
Қанат ҒҰМАРОВ