Көзден кетті деп, көңілден көшіреміз бе?

(0 Votes)

Құдайы оған ар мен бірге ажарды да аямай құйған. Баласындай – баласы біз Талап Сәуменов көкемізге жақынырақ жүретінбіз. Біз деп отырғаным сонау сексенінші жылдардың бас тұсында бір топ жастар, яғни тай мініп келген өңшең еркемінез тентектер сол тайларымызды атқа ауыстырып, өзімізше ойымызға да, бойымызға шақ бір-бір қызметті тізгіндеген шақ.

Білетініміз жоқтың қасы, білмейтініміз – шаш етектен. Алдымыздағы ағаларға жаутаң-жаутаң қарайтын тұс. Бірісі тегіңді түгендейді, кейісі бас-аяғыңды немкеттілеу көзбен шолудан әріге бармайды. Біз ағалардан жылылық іздегенде жүрегіңді мейірімге толтырып жіберетін, сәлеміңді елжіреп алатын, жанарында ылғи шуақ тамып тұратын бір адам болды, ол – осы Сәуменов Талап көке! Айналасына ақ шуақ үйірген үлкен шендінің бірі бұл азамат сырты қандай сымбатты болса, іші де сыңғырлап тұрған тап-таза бөлмедей кіршіксіз екен. Содан да біз, яғни, менің тұстастарым, одан арғылар да «Тәкең» деп ерекше әспеттеген осы бір сұңғыла – сұлу жанды үйірсектеп өстік, үйірден бөлек алдын табуға құштар боп жетілдік.

Жақсыдан өнегелі ізбен қоса, бар болмысы кісіліктен тұратын ұрпақ та қалады екен. Ұзақ жыл аудандық ауыл шаруашылығы саласының отымен кіріп, күлімен шыққан, адал дос, ақберген азамат Руслан Талапұлы Сәуменов бұл уәжімнің бұлтартпас дәлелі, шынайы шындығы. Ол айтады: «Мен Сәумен атам мен Мағрипа әжемнің бауырында өстім, яғни кемпір – шалдың меншікті еркесімін. Атам «шырақтарым, көлденең жатқан көк шөпке қол созбаңдар, біреуге қылдай қиянат жасамаңдар, айналаңдағы адамдардан бөлек олжа іздемеңдер, тегіннің тұзы татымайды, сендерді қай қиындықтан да адалдықтарың ғана алып шығады» деп құлағыма құйып өсірді. Атамның сөзі мен ісін папам жалғастырды. Тақымым атқа тиіп, жауапты қызмет тізгіндеген бір тұста қонақтарым келетін болып, ол уақытта арзан, қара қойдың бірін бақыртып үйге алып келгем, папам сырт киімімді шешіп үлгертпей: - Әй, Руслан, мынауыңның ақшасын төлеген түбіртегін көрсет, - деді. Ақшыл жүзі сұрланып қабағы қатып кетіпті. – Ойбай ақ папа, төледім-төледім, міне, - деп әмиянымнан түбіртекті жандәрмен күй суырып көрсетіп жатырмын. – Бала, қолым жетті екен деп тегін, бір нәрсені босағадан аттатып жүрме! – деді. Әйтпесе менен жақсылық күтпені ауызы емес, оқты жанары айтып тұрды»

Бұл әңгімелеп отырғанымыз қаққан қазықтай тіп-тік жүретін, кірпияз, сыртқы болмысы да, жан дүниесі де мұнтаздай таза десантшы жауынгер, соғыста ерліктер жасадым, менің ордендерім, медальдарым анадан көп, мыналармен деңгейлес деп ғұмыры бір мақтанып көрмеген, «газетіңе мені жаз» деп ешуақытта емеурін танытпаған (ондай көкелерім біразырақ еді), соғысқа дейін де, келгеннен соң да елдің ылғи да қажетті жерінен, әлсіз тұсынан табылып отырған Талап Сәуменұлы аталатын ар мен ар тұғырындай азамат болатын. Соңғы кездері мүлде ұмытылып барады. Тірлігінде маған мынау керек деп тіленбегеннен бе, Тәкеңді еске салатындай не бар өзі? Жасыратыны жоқ, Талап Сәуменовтің маңына жуықтай алмайтын «тоқпағы мықтылар» бір-бір көшеге әлдеқашан тақым қысып үлгерген. Біздің осы баянды қағазға түсірудегі мақсатымыз да мөмкін әлдеқалай ұят оянар, ұмытуға мүлде болмайтын арда азаматын туған жері ескерер деген таза ниеттен туындаған ой – тілек ғана.

Бала Талаптың жоғары сыныпты енді оқуы тиісті шағы. Мұғалімдердің де сыпырыла майданға аттануы білім саласын құлазытып кетті. Өзі оқып бітірген сыныптардың балаларына солай Талап Сәуменов деген зерек оқушы ұстаз ретінде дәріс бере бастағанына таң қалуға болмайтын еді ол уақытта. Сөйтіп 1942 жылдан оқытушылық міндет мойнына артылды. Қабілеті мен зейіні ескеріліп «оқу ісінің меңгерушісі» деген толағай міндетті де қоса атқаруына тура келді.

Майдандағы қарша бораған оқ пен от кешкен күндер ауылдарға да қарасұр бұлтын жөңкіле жеткізіп, «қара қағаз» деген қанды жапырақтарын төгіп үлгерді. Протездерін сықырлатқан ағаш аяқтар мен бір қолдылар көбейе бастады қабақтарынан қан жауып, жүздерінен кек отын ұшқындатып. Кезек ересек балаларға да келгендей. 1943 жылдың 16 наурызында 18-ге толып үлгермеген Талап Сәуменов те әскер қатарына сап түзейді. Алдымен ол Ақтөбе қаласындағы «Бердичево – 2» аталатын маманданған жаяу әскер дайындайтын училещеге қабылданып, әскери қызметке, соғыс тактикасына үйретіледі. Жас курсанттар арасынан суырылып көзге түскен санаулысын, оның ішінде біздің жерлесіміз Талап Сәуменов бар Мәскеу  маңындағы Ступино қалашығына әуе десанттарын дайындайтын оқуға шұғыл алып кетеді. Майдангер ағаның күнделік парақшасы ол күндер жайында былайша сөйлейді: «Бұл жерде жау аймағына түсірілетін десант – парашютистің оқу – дайындығынан өттім. Көзге түртсе көрінбес қара түнде  ұшақпен апарып өздеріне мәлім жерге жеткенде кезекпе – кезек секіртеді. Арқаңа таңған қару-жарақ, басқа да керектеріңнің салмағы недәуір. Ашық ауада парашютіңнің бір қолыңдағы тетігін басқанда қалықтап ұшып, бір кезде жерге келіп, гүрс етіп құлайсың. Егер аяғың, т.б. жеріңнен майып болмасаң ауырған, жырылған анау-мынауға қарауға уақыт жоқ, тез жинақталып, анадай жерден көрінген әлсіз от – белгіге сүріне-қабына жетіп, ары қарай берілген тапсырманы орындайсың»

Десантшы Талап Сәуменов өзінің қай полк, қай дивизиядан екенін білместен, тек Бас қолбасшының резервінде құпиялылығы өте жоғары жасақта қызметін жалғастырады. Қай полк, қай дивизияда екендігі айтылмауы түсінікті. Егер жау қолына түсе қалған жағдайда олардың қинап – азаптайтыны белгілі. Мүмкін, ауыр қинауға шыдамай әскери құпияны ашып қоюы да мөмкін десантшы жауынгердің.

Кейін білгендей бұлар қамтыған аймақ – Беларуссияның батыс бөлігі. Жеті  түнде ұшақтың бірқалыпты қоңыр әуенімен діттеген межеге жеткен соң парашютін  жаза секірген десантшылар бір-бірін тапқан соң басқыншыларға олардың өз тылынан келе жатқан қару-жарақ пен әскери техникалардың, азық – түліктердің көзін жойып, өздеріне берілген тапсырма қаншалықты қиын болса да мүлтіксіз орындап отырған. От ішінде бір жапырақтың жалынға шарпылмай аман қалатыны сияқты Сәуменнің Талап ұлының да көрер жарығы болған соң жазатайым ажалдан тысқара кеткен сәттері мол. «1943 жылдың аяғы еді ау ол. Ұшақтан секіре-секіре қою қараңғылық құшағына еніп кетті әдеттегідей олар. Өзімен қатарласа парашютін жиып жатқан бір серігінің барлығына шүкіршілік етті. Немістер бұлардың осы маңға түсетінін алдын ала біліп алған. Күткен қонақтары – бізді олар пытырлаған оқпен қарсы алды. Мән – мағынасыз атыс, қою қараңғылық ғана қалқан. Автоматымды оңтайлай бергемінде біреу үстіме секірді. Пышағымды алып үлгермедім, қайта оның қолындағы жалаңдаған суық қаруын байқадым. Шаппа-шап ұрыс, ұмар-жұмар арпалыс басталып кетті. Шамасы мені тірілей қолға түсіріп, тіл ретінде пайдаланғысы келген. Десантшыларға қарсы олар да өз мықтыларын жіберетіні белгілі. Қанжар сілтеген қолын барымша қағып үлгергенше оң иығымның үсті шым ете қалды. Жараланғаным бұл. Ажалым жоқтығы сол, арт жақтан келген біздің біреу әлгі немістің шаруасын оңай реттеді. Сол жолы украйн досым Микола Пантелейчук болмағанда мөмкін, мен жеңіліс табармын, кім білген? Тағдырыңды бір – ер секунд шешетін соғыс уақыты ғой, Микола соғыс аяғына дейін жетпей кезекті сондай жау тылына сапар сәтіндегі аяқ асты ұрыста жау оғына ілікті. Оң иығымдағы неміс пышағынан қалған тыртық із украйн досымның тірлігіме бастаған жалғыз аяқ жолы ғой деп оның сүйкімді бейнесін көз алдыма келтіре елжіреймін». Ағадан қалған мұра – күнделік осындай-осындай сырларды шертуімен құнды. Мұндай қиын – қыстау тағдыр кешкен әкейді ұрпағы еске алып отыратындай бізден белгі қайсы?

1944 жылы Кеңестер Одағы жауынгерлерінің басын өлімге тіккен ұлы бірлігі арқасында жанқиярлық ерліктерімен күші басым жауды тықсыра итеріп, өз көрлеріне күн санап жақындата түседі. Одан әрі кеңестік Армияға жау тылына десант түсірудің қажеті болмай, Талап және оның қаруластары жаяу әскер құрамасына кірістеледі.

Автоматымен пытырлата оқ сепкен батыр қазақ Талап Сәуменұлы Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін фашист басқыншыларынан азат етуде арпалысты күндердің талайын бастан кешіреді. Соғыс басталғанда зұлым жаудан қалайда кек қайтарамыз, олардың былғанышты табаны бейбіт елдің азат жеріне тимейді деген ант-ұранмен аттанған теңіздік батыр қырандар Әшім Қанатов, Қайсағали Байғазиевтермен бір қатарда есірген жаудың екпінін ғана емес, мысын басады.

Соғыста кейде болмаған оқиғалар, күтпеген жағдайлар жиі ұшырасады. Талап Сәуменұлы жан алысып, жан беріскен ұрыстардың бірінде ауылдасы, минометші Сайып Рысқалиевпен табысады. Төс қағыстырған достар бір майданның құрамында екен, қандай ғажап! Құты қашып, тырағайлап артқа шегінген дұшпан жеңістің жақын қалғанын сездіретіндей. Ауылдастар Талап пен Сайып бір – бірінен көз жазып қалмауға серттеседі. Қанды көйлек құрманғазылық қаруластар қанмен келген Жеңісті Праганың іргесінде қарсылайды. Қуаныштан жүректерінен жас тамған қос сарбаз кеуделеріндегі орден, медальдарын жеңіс шаттығындай сыңғырлатып туған жерге жандары қалмай асығады.

Соғысқа дейінгі ұстаздық жолын қайыра жалғастырған Талап Сәуменұлы Астрахан қаласындағы мұғалімдер институтын, кейіннен Оралдың Пушкин атындағы педагогикалық институтын тарих пәнінің мұғалімі бойынша түгеседі. 1946-1967 жылдары Нұржау  ауылдық кеңесіне қарасты Каганович атындағы, Жамбыл ауылындағы Панфилов атындағы мектептерде оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін атқарды. Білім беру саласында 20 жылға таяу уақыт  үздіксіз тер төгіп «Халық ағарту ісінің үздігі» атанды. Ұстаздық қызметінде қанды көйлек қарулас досы  айтулы ұстаз, белгілі домбырашы Сайып Рысқалиевпен қайыра тағдыры табысады. Алды самалдай жайлы, Сайып десе дегендей сайыпқыран азаматты немере қарындасы Әубекерова Жамиғамен таныстырады. Бұл таныстық ұлы махаббаттың тамызығына айналып 1949 жылы екеуі өз шаңырақтарын көтереді. Кейіннен олардың өркендері жайыла өсіп, он бір ұрпақтары өмірге келеді. Қос бәйтерек Сайып пен Жамиғадан тараған ұлдар-қыздар, келіндердің ұстаздар династиясы ауданда мақтанышпен аталып жүргеніне іштей тәуба келтіретін жақсы ағайынның қатары сиремегей!

Шынымен де Талап ағамыздың өмірлік серігімен ұшырасуы да асабалар жиі айтатын «Құдай берейін десе форточкадан да бере салады» дейтіндеріндей. Журналист әріптесіміз Айбек Әнуарұлы «Серперге» 2018 жылдың Мамырында шығарған мақаласында былайша келтіреді: «Өңірі жағалай жауынгерлік орден – медальдарға толы, әскери формасы өзіне құйып қойғандай жарасымды соғыстан қайтқан сарбаз жолай қазақ ауылдарының біріне соғады. Сөйтсе, ол ауылда ұзатылу тойы болғалы жатыр екен, сымдай тартылған сұлу жігіттің көзі бірден әп-әдемі, талдырмаш келген қалындыққа түседі. Қыз да бейтаныс жігітті ұнатып қалады, ыңғайын тауып екеуі кездесіп, бір-біріне жаралған жандар екенін сезген екі жас қол ұстасып бір арман жолымен ұзай түседі. Жалғыз ұлдарын түз жолынан зарыға күткен Сәумен ақсақал мен Мағрипа әженің шаңырағы осылай қос қуанышқа кенеліпті. Бірге туған апалары Күміс пен Тойдық, қарындасы Қазима бауырларының қанды қырғаннан сау – саламатта, басы екеу болып оралғанына шат – шадыман күй кешті.

Алғыс пен батаға көмкерілген Талап әкей Самиға ананың өмір өрнегі жан сүйсінердей жақсы  әңгіменің өзегіне айналып, ажарлы естеліктер алдыңнан күн шапағындай жиі жарқыл салады. Қайырболат, Руслан, Сәуле, Айгүл, Бақытжан атты ұл-қыздарының өзі бүгінде ел жүрегін елжіреткен немере – шөберелі бір-бір шаңырақтар.

Қандай құрметке де лайық Талап Сәуменов «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» т.б. ондаған жеңіс медальдарымен марапатталған батыр жауынгер екендігі дәлелденген десантшы сарбаз. Еңбектің де ері екендігін бейбіт күнде алған «Құрмет белгісі» ордені, қазақ КСРО Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасы, «Қазақстан Республикасы халық  ағарту ісінің үздігі» атағы, т.б. марапаттары айғақтайды.

1963-1975 жылдары Теңіз аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің басшысы бола жүріп, көптеген кадрларды тәрбиелеп өсіріп, өз қолынан түлетті. 1975 жылы Теңіз аудандық кәсіподақтар кеңесінің, 1976 жылдың қарашасынан 12 жыл үзбестен ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық комитетінің төрағасы ретінде жұмысшы – қызметкерлердің мүддесін қорғаудағы белсенді жұмысы республика көлемінде жиі үлгіге ұсынылып, кәсіподақтардың Бүкілодақтық Орталық Комитетінің (ВЦСПС) «Үздік қызметі үшін» медальімен марапатталды.

1971-1977 жылдар аралығында аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, жиырма жылдың үстінде аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық атқару комитеті жанындағы ауыл – шаруашылығы комиссиясының төрағасы, аудандық партиялық комиссия мүшесі қоғамдық жұмыстарын өз дәрежесінде атқарды, сондай ақ 1965-1990 жылдары бес қайтара аудандық кеңестің депутаттығына сайланып, сайлаушылар аманатын орындауда ел құрметіне бөлене білді.

Осындай ар мен ожданның ақ кебінін киіп өткен ғұмырға қандай күдік-күмән айтылуы мөмкін? Егер мынау жұмыр жер үстінде обал мен сауаптың, ұят пен ибаның тамыры әбден қырқылып қалмаса Талап Сәуменов деген бірегей тұлғамызды бөтенге санамайық та... Алып тауымыз алыстаған сайын шөгіп барады, кейінгі ұрпаққа ертең не бетімізді айтамыз? Осы уақытқа дейін көсем – көкеге тым құрыса бір көшені енші қылмағанымызға біздің емес, жер – Анамыздың беті өртенетін шығар ұяттан.

«Ертеңін ойлай алса өсетіндер,

Мән берер көмескілеу көп есімге.

Балапан – балақайлар жүрсе шіркін,

Сәуменов Талап ата көшесінде...»

Таңатар Дәрелұлы, ҚР

журналисттер, жазушылар

одақтарының мүшесі,

ҚР-ның Құрметті журналисті,

Құрманғазы ауданның Құрметі Азаматы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT