Әне-міне қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, мінезі ауыр бұл маусымды қалыпты өткеріп, болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюмен күрес жыл сайын күн тәртібінен түспей келеді.
Міне, осы мәселе бойынша Құрманғазы ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында «Қыс – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді.
Оған қатысқан аудан әкімі Абат Жанғалиев алдымен өрт сөндіру қызметінің әлеуетін бақылап, техникаларымен танысып, қысқа дайындығын бағамдады. Одан әрі қоғамдық тәртіпті сақтау, медицина, инженерлік, сауда, химиялық және радиациялық қорғау, ақпарат және байланыс, көліктік-техника, жолдар мен көпірлер, энергетика, коммуналдық және техникалық, жанар-жағар май материалдары, ұлттық гидрометерологиялық, жануарлар мен өсімдіктерді қорғау қызметтерінің сапын аралап, атқаратын қызметтеріне қатысты сұрақтар берді.
«Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың соңында аудан басшысы барлық құрылымдардың өкілдерін қыс мезігілі келе жатқандықтан, қай уақытта болмасын әзір болу қажет екенін айтып, азаматтық қорғау қызметі мен құрылымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
Одан кейін оқу-жаттығу М.Әуезов атындағы жалпы орта мектепте төтенше жағдай кезінде адамдар мен үй жануарларын қауіпсіз аймаққа көшіру, қабылдау және орналастыру бойынша тыңғылықты тәжірибесін көрсетті. Осылайша, аудандағы қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу, адам шығынын болдырмау және төтенше жағдайда ережеге сәйкес дер кезінде іс-қимыл атқаруды дұрыс ұйымдастыру мақсатында өткен оқу-жаттығу жұмыстары сала мамандарын бір пысықтаудан өткізді.
Айнагүл Шакупова