Биыл Азғыр ауылдық округінде орналасқан Азғыр мектебінің құрылғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай аталмыш мектепте «Мектебім менің, алтын бесігім» атты салтанатты шара ұйымдастырылды.
Сөз басында айта кетейік, іргетасы 1924 жылы қаланған, 18 директор басшылық жасаған білім ұясы экономика ғылымдарының докторы, академик Өтеғали Шеденов, медицина ғылымдарының докторлары Сейірпатал Нәсіпов, Қалмұқан Нәбенов, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері Дәуіт Адиямов, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты Адайбек Қапетов және басқа танымал түлектерімен мақтана алады.
Мектептің мерейтойы атшабыспен басталып, тай, құнан жарысы, аламан бәйге қыр төсін дүбірге толтырды. Тай жарысынан І орынға тігілген 100 мың теңгелік байрақ Батыс Қазақстан облысынан келген Асқар Мұханғалиевке тиді. ІІ және ІІІ орындарды асандық Ғаділбек Сариев (70 мың) пен құрманғазылық Бисенбай Өтеулиев (50 мың) еншіледі. Құнан жарысында І орын мен 150 мың теңгелік сертификат Бөкей ордалық (БҚО) Жантөре Сағынғалиевке бұйырды. Қалған екі орында хиуаздық Алтынбек Сұлтанов (100 мың) пен теңіздік Әділжан Дүйсекенов (70 мың). Аламан бәйгеде Батыс Қазақстан облысынан келген тұлпарлар алдына жан салмады.
Бас жүлде – мотоциклді Орал қаласынан келген Асқар Мұханғалиев иеленді. Келесі орындарға тігілген 300 және 200 мыңдық байрақтар да көршілес облыстан қатысқан сайхындық Нұржан Есімов пен көктеректік Теңізбай Боранбаевтың аттарының тақымында кетті. Спорттық ойындардан күрес, арқан тарту, қой көтеру ұйымдастырылып, жеңімпаздары ұлығылаудан тыс қалмады.
Шараның ресми бөлігінде аудан әкімі Абат Жанғалиев құттықтау сөз сөйлеп, «Құрманғазы ауданына 95 жыл» төсбелгісімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен бір топ ауыл шаруашылығы, білім саласы ардагерлері, мекеме қызметкерлерін марапаттады. Ұлығалау рәсімін аудандық мәслихаттың төрағасы Гүлжанат Қалиева жалғастырып, өкілетті органның Алғыс хаттарын еңбек, білім саласы ардагерлері мен мерейтойға ат сабылтып арнайы келген қонақ, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі Ғани Каринге табыстады. Осындай марапаттаулар аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, Азғыр ауылдық округінің әкімі Асылбек Әнес, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаммат Бисенов тарапынан да жасалды.
Қандай мерекенің де шырайын ашатын төгілген ән мен күй, мың бұралған би. Осы орайда аудан өнерпаздары шараға қатысушыларға өздері әзірлеген концерттік бағдарламаны ұсынды. Шалғайда жатқан мектеп тойы өстіп дүбірлеп өтіп, жақсы әсер қалдырды.
Қанат ҒҰМАРОВ