СОҒЫС ЖӘНЕ ЕҢБЕК АРДАГЕРІ МҰСА ДОСЖАНҰЛЫНЫҢ ӨҢІРІНДЕГІ САНСЫЗ ОРДЕН-МЕДАЛЬДАРДЫҢ ӘРҚАЙСЫСЫ БІР ТАРИХ. КЕЙІНГІ ҰРПАҚҚА БЕЙБІТ ӨМІР СЫЙЛАУ ҮШІН КҮРЕСКЕН, МАЙДАН ДАЛАСЫНДА ҚАН ТӨККЕН, ОТ ПЕН ОҚ АРАСЫНДА ЖАУМЕН АРПАЛЫСҚАН, АЯҒЫНАН ЖАРАҚАТ АЛСАДА, ЖЕҢІС ТУЫН ЖЕЛБІРЕТКЕН, ӘКЕМІЗДІҢ АЛДЫНДА ӘРҚАШАНДА БОРЫШТЫМЫЗ.
Әкем жәйлі мол ақпарат берген 97 жасында дүние салған әкемнің анасы-Дәмен болатын. Әжем дүние салғанда мен 8 сыныпта едім. Соңғы уақытына дейін әжем екеуіміз сырлас болдық, есімде қалғаны әжем әкемді көп мақтайтын. Себебі, қарты қайтыс болғанда, ауыртпалықтың бәрі әкеме түскен екен. Әкем 16 жасынан мектепті тастап, қара жұмысқа ерте араласады. Артынан ерген бауырлары Құзайыр, Уахап, Шияп, Маннап, жалғыз қарындасы Шамзаданы жетелеп, өсіріп, анасына (әжеме) көмектеседі. Бауырларын оқытып, олар есейгесін өз алдына отау тіккізіп бөлектеді. Кішкентайынан інілері оны «Әке» деді, күні бүгінге дейін інілерінің ұрпақтарыда әкемді «папа» деп өсті. Әкемізден негізі 4 ұл, 4 қыз дүниеге келді. Алғашқы ұлын Жеңіс құрметіне есімін Жеңіс деп атаса,одан кейін дүниеге келген қыздың есімін Жаннат деп қойған. Өкінішке орай екеуіде шетінеп кетті. Әжемнің айтуынша екі балада адам назарын аударарлықтай сұлу болған екен, көз өтіп кетсе керек. Әйгілі сынықшы Серікпай ата көз тиюден сақтайтын ырым ретінде төрге айна қойып,оның үстіне үкінің сүлдесін қой деген екен. Соның себебі тиді ме кейінгі сәбилері тұрақтап, ұрпақ жалғасыпты. Жақсы әкеден Сәуле, Өмірбек, Сара, Сәттарбек (53 жасында уақыт болды), Сұлушаш, Сыналбек болып тараламыз. Бауырлары сияқты әкеміз бізді де «Менің оқи алмағанымды сендер оқыңдар» деп түгелдей мектепті аяқтатып, одан кейін жоғарғы білім алғызды.
Ия, әке барлық жақсылықтары есімізде. Әкенің арқасында қыздардың бәрі педагог болса, ұлдары ішкі істер бөлімінде қызмет істеді. Қазіргі таңда бәріміз де құрметті демалысқа шығып, немере-жиен сүйіп отырған жайымыз бар. Әкеміз соғыстан жаралы оралса да еңбек майданынан шет қалған жоқ. Бірқатар басшылық қызметтерде болды, біраз жыл аудандық типографияны басқарды. Мақалалары мерзімдік басылымдарда жарияланып, радиолардан берілді. Өскемендегі студент болып жүргенімде әкем туралы радиодан естіп төбемнің көкке жеткені барды. «КСРО баспа саласының үздігі» төсбелгісімен ауданда марапатталған бірден-бір адам. Майдангер ретінде еліміздің түрлі марапат-мадақтарының иегері атанды. Жеңістің 55 жылдығына орай Абай атындағы орта мектеп оқушылары отырғызған өрік ағашы бүгінде жеміс беріп тұр.
Әкем туралы айта берсем ол бір томдық кітап болар. Әкеміз 2012 жылы дүниеден озды, биыл 13 жыл болды. Осы мақаламды жазғандағы ойым «Әкең өлседе әкеңді көрген өлмесін» дегендей, ең болмаса жылына бір келетін Жеңіс Мерекесінде осы уақытқа дейін бір адам әкемді есіне алып жазған емес. 2005 жылы «Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы» атағын алған куәлігі болса да ауданымыздан бір көшеге есімі берілмепті. Онымен ұрпақтары жұмыстану керек екен,ол туралы мақала жазылып газетте, әлеуметтік желілерде жариялануы шарт. Сондықтан әкеміздің аруағы үшін, өзі ауырып қалса да, ұрпақтар атынан ағам Мусин Өмірбек Мұсаұлы округке өтінішін берді. Майдангер Мұса ел жадынан әлі өшпеген болар, көшеге есімі берілсе, оның аруағы да, ұрпақтары да разы болар еді.
Аудандық «Серпер» ұжымында қызметтес болған Қыдырсиық Құсайынов ағамыз аудандық «Серпер» газетінің 2024 жылдың 10 мамырдағы №19-шы санында әкеміз туралы «Абыройлы ақсақал еді» деген мақала жариялады. Ұрпақтарының өтінішімен бұл әлеуметтік желіден де берілді. Мақалаға пікір білдіргендер ардагердің есімін көше атауына беруге лайық деп қоштады. Алайда, әлі күнге біржақты шешілген емес. Сөз соңында айтарым, Алланың қалауымен, халықтың қолдауымен, аудан, округ басшылығы оң нәтиже шығарады, өтінішіміз орындалып, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, бір көшеге әкеміздің есімі беріліді деген ойдамын.
Досжанова Сұлушаш Мұсақызы,
Ұрпақтар атынан мақала жазған зейнеткер ұстаз, тіл маманы