Құрылыста қарқын бар

(0 Votes)

«AMANAT» партиясы аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссияның мүшелері Ақынжан Хұсайынов, Болатбек Өтегенов партиялық бақылауда тұрған Кадырка ауылындағы 60 пәтерлік үй, РТС ауылындағы «Жайлы мектеп» құрылысында болды. 

Кадырка ауылында салынып жатқан 60 пәтерлік үй құрылысы жұмысы бірқалыпты. Мердігер «Бек и Ко» ЖШС-нің учаске бастығы Жомарт Қауысов қазір ішкі сылағын соғу, еден құю, кафель төсеу, сырлау, лоджияларын өру сияқты жұмыстар жүріп жатқанынан хабардар етті. Жоғары көтерілетін басқыштар жақтауларымен біткен. 40 адам, бірнеше техника жұмыс жасауда. Ғимарат ішінен сылақ иісі шығып, қабырғалары ағарып, сәні кіріп қалыпты. Қашан келсекте жұмыс басында жүретін «Батысэкспертинженеринг» ЖШС-нің техникалық қадағалаушысы Қайрат Юсупов бізбен бірге аралады. Материалдар жеткілікті  екенін көрдік. Мердігер мекеме өкілі тарапынан көп пәтерлі үй астынан өтетін су құбырын ауыстыру қажеттігі тағы да айтылды. Партиялық бақылау комиссиясының мүшесі, аудандық мәслихаттың депутаты Болатбек Өтегенов су құбырын ауыстыруды жақында өткен аудандық мәслихаттың XXVII сессиясында көтергенін, аудан әкімі «ол мәселе шешілді, мердігер айналысқалы жатыр», деп айтқанын жеткізді.

РТС ауылындағы 600 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы да қарқын алыпты. Бұған дейін көргеніміздей емес. Сыртқы бетін қаптау, минпласт төсеу, гипсті сылағын соғу, сырлау, сантехникалық, электр желілерін тарту жұмыстары жасалып жатыр. Жұмысшылардың қарасы көбейген соң сұрастырып қарасақ 98 адам екен. Оның 48-і жергілікті тұрғындар. Алға қарай жұмыс мерзімін екі аусымдыққа көшіру жоспарлануда. Мектеп кестеге сай күзгі оқу жылында тапсырылады деп күтілуде. Биіктігі 9 метрге жуық  36х16 метрлік үлкен, 12х18 метрлік кіші спорт залдарының, көлемі 18х6, биіктігі – 8 метрлік асхана құрылысының  жұмыстары жалғасуда. Мұнда тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ,  техникалық қадағалаушысы «Лидер» ЖШС.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT