Құрылыс жұмыстарының басында болды

(0 Votes)

Аудан әкімі Абат Жанғалиев, орынбасары Нұрлыбек Қалиев, аудандық құрылыс  бөлімінің басшысы  Жасұлан Сүндетовпен бірге Көптоғай, Дыңғызыл, Шортанбай ауылдық округтерінде болып, өр суынан қорғау бағытында  жаға  бекіту  және  құрылыс жұмыстарының  барысымен танысты.

Сөз басында айта кетейік, аталған үш округтегі бөгеттерді бекіту жұмыстарына тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі, жобалаушы мекеме «Казгидро», мердігер «Tolagai-2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Қадағалаушы мекеме «Гранд Тауэр Сервис» ЖШС болып табылады. Құрылыстың ұзақтығы 10 ай деп белгіленген. Ал, құрылыс-монтаждау жұмыстары биылғы жылы ақпан айының 20-сы күні басталған.

Тік  жар  құлау  қаупінде.

Көптоғай ауылындағы бөгеттердің жалпы ұзындығы 3747,99 метр. Аудан басшысы округ әкімі Бауыржан Каримовпен бірге алдымен бөгеттің оңтүстік бөлігінде болды. Мұнда 2 шақырым 194 метр жері көтерілуі тиіс. Мердігер «Tolagai-2025» ЖШС-нің  учаске  бастығы Кенжебек Батырханов жұмыстың қалай атқарылатыны, бөгетті су шайып кетпеуі үшін қандай материалдар қолданылатыны  жайлы ақпарат берді. Округ әкімі Бауыржан Каримов, аудандық құрылыс  бөлімінің басшысы  Жасұлан Сүндетов өз ұсыныстарын айтты. Аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы  өр суы келгенде бірінші соғатын жер осы болғандықтан  төменнен  бастап көтеріп, мықтап  бекітуді тапсырды. Бөгеттің  солтүстік бөлігі 1,5  шақырымнан асады. Оның да 600 метр жері  көтерілуі  қажет. Бірақ, ең қауіпті  50 метрлік бөлігі бөгеттерді бекіту жобасына кірмей қалған.

Су шайып, іргесі құлып, бұрын салған қаптар тозып, ішіндегі  топырақтар  шашылып  жатыр. Жел-жаңбырмен  үгіліп тұрған тік жардың  өр суы көп келіп, іргесіне соқса тағы да опырыла құлау қаупі бар. Осыны көрген аудан әкімі Абат Сайфоллаұлы мердігерге  жобада  жоқ  деп тастап кетпей оны өз күштерімен биіктетіп, бекітіп шығуды ұсынды. Мердігер мекеме өкілдері  тарапынан ұсыныс қолдау тапты.

Келесі кезекте жаңадан салынып жатқан, 300 орындық мәдениет үйінің құрылысына ат басын тіредік. Бұл құрылыстың да тапсырыс берушісі аудандық құрылыс бөлімі болса, жобалаушы мекеме – «Жайықстроймонтаж» ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер – «Декор» ЖШС екен. «Сайрам Құрылыс» ЖШС –  қадағалаушы мекеме. Өткен жылдың 23 маусымында басталған бұл құрылыстың ұзақтығы жоба бойынша 15 ай. Қазіргі күні төменінің шұңқыры қазылып, астын төсеу, монтаждау жұмыстары жасалуда. Мердігер мекеме  өкілі Жастілек Хасановтың айтуынша 20 шақты адам жұмыс жасаса, оның алтауы жергілікті тұрғындар.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT